Атырауда түзеу мекемесіне дрон арқылы тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, №15 мекеме аумағына қонған ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтап, ұстады.

Оқиға кешкі уақытта болған. Қызметтік міндетін атқарып жүрген әскери қызметшілер мен мекеме қызметкерлері дронды дер кезінде байқап, оны ұстау бойынша жедел шара қабылдаған.

Дронның жанынан табылған түйіншекті тексеру кезінде жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған 11 пакет және 2 пакет насыбай анықталды.
Аталған дерек бойынша материалдар әрі қарай тексеру жүргізу үшін құзыретті органдарға тапсырылды.
Майра ЕРҒАЛИ


