Атырауда «Теңіз жүрегі» ұйымының волонтерлері тыл ардагерлерінің отбасыларына арнайы барып, оларды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады. Акция аясында 10 отбасыға сыйлықтар, гүлдер мен сертификаттар табысталды. Іс-шараға «Теңізшевройл» компаниясы қолдау көрсетті.
Кездесу барысында ардагерлерге гүл шоқтары, сондай-ақ Sulpak тұрмыстық техника дүкендер желісі мен Zerde дәріханалар желісінің сыйлық сертификаттары тапсырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты — Жеңіске үлес қосқан жандарға алғыс білдіріп, оларға құрмет пен қамқорлық көрсету.
— Ардагерлерге Sulpak дүкендер желісінің әрқайсысы 50 мың теңгелік, сондай-ақ Zerde дәріханалар желісінің әрқайсысы 30 мың теңгелік сертификаттары табысталды. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауының арқасында біз ардагерлердің отбасыларына арнайы барып, сыйлықтарымызды табыстай алдық, — деді «Теңіз жүрегі» волонтерлік ұйымының жетекшісі Рысты Жексенбаева.
«Теңізшевройл» компаниясында жыл сайын 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Компания үшін тағдыры соғыс жылдарымен байланысты отбасыларға қолдау көрсетіп, оларға құрмет пен алғыс білдіру игі дәстүрге айналған.

