Атырау қаласында «Жайық жағасындағы жәрмеңке» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі 73 кәсіпорын мен мекеме қатысып, жұмыс іздеушілерге 730 бос жұмыс орнын ұсынды. Оның 505-і жұмысшы мамандықтарына, 225-і инженерлік-техникалық бағыттарға арналды.
Жәрмеңкеге жұмыссыз азаматтар, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған және жазасын өтеп шыққан тұрғындар қатысты.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 16 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1491 адам қатысқан. Нәтижесінде 598 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Қазір Атырау облысында 18 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Оның 3 мыңнан астамы субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған.
Хұсни ХАМЗА


