Атырауда медициналық ұйымдарға тоғыз заманауи аппарат берілді

(0 Votes)

Атырау облыстық балалар ауруханасы мен қалалық перзентхана заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталды. Медициналық техникалар AYALA қайырымдылық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Өмір сыйлайық» жобасы аясында табысталды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық балалар ауруханасына екі SV600 өкпені жасанды желдету аппараты мен бес пациент мониторы берілді. Жаңа құрылғылар балалардың тыныс алуын жеңілдетіп, денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға арналған. Қазір аппараттар дәрігерлердің күнделікті жұмысында қолданылып жатыр.

Ал қалалық перзентханаға SV800 өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты табысталды. Олар нәрестелерге қарқынды терапия жүргізу және хирургиялық оталар кезінде анестезиологиялық қолдау көрсету үшін қолданылады.

– Медициналық ұйымдарды заманауи техникамен жабдықтау дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, кішкентай пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді AYALA қайырымдылық қорының коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Наталья Еськова.

Соңғы 15 жылда AYALA қоры Атырау облысының медициналық ұйымдарына 100-ден астам реанимациялық және диагностикалық құрылғы тарту еткен.

– AYALA қорының қолдауы өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғауға үлес қосып келеді. Соның бір мысалы - Атырау қалалық перзентханасында салмағы небәрі 400 грамм болып туған нәресте. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, дәрігерлердің бақылауында болды. Салмағы 2 келіге жеткен соң, аман-есен үйіне шығарылды. Демеушілердің қолдауы мен медицина мамандарының еңбегінің нәтижесінде өңірде ана мен нәресте өлімі төмендеді, - деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева.

 

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT