Атырау облысында 13–18 шілде аралығында облыстық перинаталдық орталық базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен «Stop инфекция» жобасы аясында «Босандыру ұйымдарындағы инфекциялық бақылау» тақырыбында медицина қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы өтуде. Оқыту медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алуға, ана мен нәрестеге көрсетілетін көмектің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оқуға облыстағы медициналық ұйымдардан 53 медицина қызметкері қатысуда. Оқу бағдарламасы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы бекіткен оқу жоспары негізінде әзірленген. Курсты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Инфекциялық аурулардың профилактикасы департаментінің инфекциялық бақылау және микробқа қарсы төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева жүргізді.
Оның айтуынша, өңірде балалар мен босанған әйелдер арасында ауыр асқынулармен өтетін инфекциялық жағдайлар жиілеген.
– Бұған әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – антимикробтық резистенттіліктің күшеюі. Яғни микроорганизмдер антибиотиктерге төзімділік қалыптастырып, бұрын тиімді болған дәрілік препараттардың әсері төмендеуде. Сондықтан инфекциялық бақылау тек қол гигиенасын сақтау немесе антибиотиктерді ұтымды қолданумен шектелмейді. Бұл – медициналық ұйымдағы қызметті дұрыс ұйымдастыруды, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды және инфекциялардың алдын алуға бағытталған кешенді жүйе, – деді ол.
Маманның айтуынша, босанған әйелдерде эндометрит, хориоамнионит, операциядан кейінгі жара инфекцияларының, сондай-ақ жаңа туған нәрестелер арасындағы инфекциялардың алдын алу ерекше маңызға ие. Егер жүкті әйел жүктілік кезеңінде уақтылы тексеріліп, қажетті профилактикалық шараларды қабылдамаса, инфекцияның босану кезінде берілу қаупі артады. Осыған байланысты курсқа перинаталдық орталық мамандарымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлері де қатысып жатыр.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Атырау облысында ана мен нәресте өлімінің көрсеткіштері төмендеген. Бұл оң нәтижені сақтау үшін медицина қызметкерлерінің біліктілігін жүйелі түрде арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

