Өңірде «Мұрагер» этноклубының жазғы лагері өз жұмысын бастады. Мұнда 9-15 жас аралығындағы балалар ұлттық құндылықтармен танысып, дәстүрлі өнерді меңгеруде. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған жобаға көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан балалар қатысуда, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Этноклуб аясында қыз балалар ұлттық әшекей жасауды, тоқымашылық пен кесте тігуді үйренсе, ұл балалар ағаш ою, қамшы өру секілді қолөнер түрлерін меңгеріп, ұлттық спортпен шұғылдануда. Осы арқылы жас ұрпақ ата-баба мұрасымен танысып, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнердің қыр-сырын игеруде.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, «Қазақия» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Әбіштің айтуынша, этноклуб мамыр-маусым айларында өткізіліп, екі ай ішінде 80 баланы қамту жоспарланған. Қазір лагерьде 20 бала бар.
– Жобаның басты мақсаты – балалардың бойына ата-бабадан қалған рухани-мәдени мұраны сіңіріп, ұлттық тәрбие беру. Этноклуб барысында қатысушылар салт-дәстүрді, қолөнерді, ұлттық ойындар мен өнерді танып, өз мәдениетіне деген құрметін арттырады. Сонымен қатар ұлттық тағам дайындауды үйреніп, түрлі танымдық шеберлік сабақтарына қатысады. Осындай жұмыстар арқылы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиет қалыптастырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген қызығушылығын арттыруды көздейміз, – деді Жанар Әбіш.
Оның айтуынша, ұлттық-танымдық бағыттағы жобаларға ата-аналар тарапынан да қызығушылық жоғары. Алдағы уақытта оларға арналған арнайы кездесулер мен іс-шараларды кең форматта ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, этноклуб «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.


