Атырау облысында 17 жылдық тәжірибесі бар учаскелік полицей қызмет ететін ауылда үш жылдан бері қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінен білгеніміздей, Мақат ауданындағы Байгетөбе ауылында соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мыңнан астам тұрғыны бар елдімекендегі қоғамдық тәртіптің сақталуына тұрғындардың ұйымшылдығымен қатар, учаскелік полиция инспекторы Тойғожа Азбергеновтің де сүбелі үлесі бар. Ішкі істер органдарында 17 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан полиция қызметкері бүгінде Байгетөбе ауылына жауапты учаскелік полиция инспекторы. Ол тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштеріне жедел ден қояды және ауылдағы криминогендік ахуалды үнемі бақылауда ұстайды.
Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Байгетөбе қылмыс тіркелмеген ауылдардың қатарына енді. Тойғожа Азбергенов қылмыстарды жедел ашуда да мол тәжірибе жинақтаған. Соның бірі – Мақат кентіндегі мейрамханалардың біріне ұрлық жасамақ болған күдіктілер туралы хабарлама түскен сәт. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспектор күдіктілерді ұстап, оларды жедел-тергеу тобына тапсырды. Сонымен қатар қызмет барысында талай азаматқа дер кезінде көмек көрсеткен. Мәселен, мал іздеуге шығып, қайта оралмаған 64 жастағы бақташыны әріптесімен бірге жедел іздестіру барысында тауып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Азаматтың аман-есен табылуына полицейлердің жедел әрекеті себеп болды. – Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қылмыстың ашылып, кінәлілердің жауапқа тартылғанын, жәбірленушілердің әділдікке қол жеткізгенін көру – қызметіміздің ең үлкен нәтижесі. Ал халықтың сенімі бізге одан әрі жауапкершілікпен еңбек етуге күш береді, – дейді Тойғожа Азбергенов.
Қазіргі таңда Атырау облысында 278 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Солардың қатарындағы Тойғожа Азбергенов үшін ең бастысы – ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі. Байгетөбедегі қоғамдық тәртіп – оның кәсібилігі мен полиция мен халық арасындағы өзара сенімнің айқын көрінісі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

