Атырауда қазақ қоғамындағы кино мен театрдың рөлі талқыланды

(0 Votes)

Атырауда «Қазақ қоғамындағы кино мен театрдың рөлі» тақырыбында танымал өнер қайраткерлерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуге Қазақстанның халық әртістері Бақтияр Қожа мен Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асхат Маемиров пен Еркебұлан Дайыров қатысты.

Спикерлер цифрлық дәуірдегі кино мен театр өнерінің даму үрдістерін талқылады. Олардың айтуынша, кино өндірісінде жасанды интеллект элементтері қолданылып, оқиғаны көрерменге жеткізу тәсілдері жаңарып келеді. Дегенмен театрдағы тірі орындау, актерлердің шынайы эмоциясы мен көрерменнің тікелей қолдауы өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Сондай-ақ Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған үшінші халықаралық фестиваль аясында драматургтің өмірі мен еңбегі айтылды. Қатысушылар оның қазақ әдебиеті мен драматургиясына қосқан үлесін атап өтті.

- Рахымжан Отарбаев - қазақ драматургиясына үлкен үлес қосқан азамат. Ол әрдайым өзекті тақырыптарды көтеріп, адамның жан дүниесін зерттеді. Фестиваль аясындағы қойылымдар мен шығармашылығына арналған кездесулер жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл - қаламгерді еске алу ғана емес, оның артында қалған мұрасы мен еңбегіне деген құрмет, - деді кино және театр актері Дулыға Ақмолда.

Қазақстанның халық әртісі Бақтияр Қожа да драматургпен бірге өткізген сәттерін еске алды.

- Рахымжан Отарбаев менің құрдасым еді. Көзін көріп, сырласып, түрлі жиындарда бірге болдық. Жасымыз қатар болса да, оның жанында өзімді әлі баладай сезінетінмін. Өйткені ол өте білімді, терең ойлайтын, әр дүниеге жеңіл-желпі қарамай, мәніне үңілетін адам еді, - деді Бақтияр Қожа.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT