Атырауда Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысы тамыз айында аяқталады

(0 Votes)

Атырау қаласында салынып жатқан Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысы биылғы жылдың тамыз айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын нысан жастар мен ересектердің басын қосатын ірі мәдени, рухани және креативті даму орталығына айналмақ.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталған. Нысан екі блоктан тұрады: А блогы төрт қабатты, ал В блогы екі қабатты болып жобаланған.

В блогында мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған акт залы мен кинотеатр орналасады. Сонымен қатар екінші қабатта екі хореографиялық зал және ардагерлерге арналған арнайы зал қарастырылған.

Ал А блогында Бейбітшілік және келісім сарайының негізгі бөлімдері орналасады. Сондай-ақ ғимаратта қалалық және облыстық архив мекемелерін орналастыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында 400-ге жуық маман еңбек етуде. Нысан құрылысына қажетті материалдар Ақтөбе, Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы зауыттардан жеткізілуде.

«Құрылыстың негізгі жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысанды тамыз айында толық аяқтап, тапсыру көзделген», – дейді «Әлем – Құрылыс» компаниясының жоба бас менеджері Ерден Тілеубай.

Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындары үшін мәдени, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи орталықтардың біріне айналады деп күтілуде.
Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT