Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған «BALDAUREN FEST»жазғы фестивалі өз мәресіне жетті. Атырау қаласында үш күн бойы өткен ауқымды әлеуметтік жобаға 600 бала қатысып, шығармашылық, спорттық және ойын-сауық бағдарламалары арқылы көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсерге бөленді.
Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған фестиваль ерекше балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және құрдастарымен еркін араласуына мүмкіндік жасады.
Үш күнге созылған фестиваль барысында балалар арт-терапия, ермексазбен мүсіндеу және керамика бағытындағы шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, эстафеталық жарыстар мен адаптивті футболдан бақ сынады. Сонымен қатар түрлі ойын-сауық және танымдық бағдарламаларға қатысып, жаңа достар тауып, жарқын әсерге бөленді.
Фестивальдің мерекелік атмосферасын аниматорлардың өнер көрсетуі, алып қуыршақтар шеруі, көбік кеші және қызықты шоу-бағдарламалар айшықтай түсті. Сондай-ақ барлық қатысушыларға тегін балмұздақ пен мерекелік дастархан ұсынылып, түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «BALDAUREN FEST» – ерекше балалардың қоғамнан шет қалмай, өз қабілеттерін танытып, құрдастарымен еркін араласуына және әлеуметтік қолдауды сезінуіне бағытталған маңызды жоба.
– Біздің басты мақсатымыз – ерекше балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы ұйымдастырып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. «BALDAUREN FEST» аясында балалар шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа достар тауып, жарқын әсерге бөленді. Ең бастысы – әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, қуанышқа толы сәттерді бастан өткерді. Осындай жобалар инклюзивті қоғам қалыптастыруға және ерекше балаларға деген қамқорлық мәдениетін нығайтуға зор үлес қосады,– деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлзира Жамалова.
Фестиваль барысында балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қамтамасыз етіліп, барлық іс-шаралар олардың жас ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сай бейімделіп ұйымдастырылды.
Тоғжан ЕРМЕК

