Форум ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді сүйемелдеу, олардың техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасау, сондай-ақ тиімді тәжірибелермен алмасу мақсатында ұйымдастырылған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір өңірдегі кәсіптік білім беру ұйымдарында инклюзивті топтар ашылуда. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан арнайы мамандар шақыртылған.
–Әр өңірден келген қатысушылар түрлі алаңдардағы жұмыстармен танысып, өзара пікір алмасты. Форум барысында қатысушылар тілі кеміс балаларға арналған арнайы балабақшадағы жұмысты жетілдіру мәселелерін талқылап, аталған мекеме педагогтерінің жасанды интеллектті тиімді пайдалану тәжірибесімен танысты, - деді форум ұйымдастырушысы Гүлжанар Меңдігерейқызы.
Іс-шара концерттік бағдарламамен басталып, кейін бес секция бойынша түрлі локацияда жалғасын тапты. Форум аясындағы негізгі алаңдардың бірі – Атырау сервис колледжі. Мұнда оқу шеберханалары таныстырылып, инклюзивті білім алушылардың қолөнер туындылары көрме ретінде ұсынылды. Сонымен қатар кесте тігу, белдемше пішу тақырыптарында ашық сабақтар мен шеберлік сағаттары өткізіліп, қатысушылар тәжірибе алмасты.
Бүгінде облыстағы 207 білім беру ұйымының 184-інде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері енгізілген. Сондай-ақ 68 арнайы сынып пен бірнеше арнайы топ жұмыс істейді. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2 ресурстық орталық пен 37 қолдау кабинеті ашылып, жүздеген балаға қолдау көрсетілуде. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарда да инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр.
Іс-шараға облыстық басқарма мен әдістемелік орталық мамандары, мектепке дейінгі ұйым басшылары, арнайы және жалпы білім беру ұйымдарының жетекшілері мен педагогтері, сондай-ақ ата-аналар қатысты.

