Атырауда әйелдердің саяси көшбасшылығы мен қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру бағдарламасының кезекті бағдарламасы қорытындыланды.
Бес күнге созылған оқу бағдарламасына іріктеу нәтижесінде 50 қыз-келіншек қатысты. Олар көшбасшылық, жобалық басқару, тиімді коммуникация және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгеріп, республикалық деңгейдегі сарапшылардан дәріс алды.
Жоба қоғам өміріне белсенді араласуға, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және азаматтық қоғамның дамуына үлес қосуға ниетті әйелдерге арналған.
Бағдарлама аясында қатысушылар тұлғалық даму, құқықтық, цифрлық және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуованың айтуынша, «TOMIRIS» жобасы өңірде төртінші рет ұйымдастырылып отыр.
– Бағдарламаның басты мақсаты – белсенді әйелдердің әлеуетін ашып, оларды саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы көшбасшылыққа ынталандыру, сондай-ақ шешім қабылдау үдерісіндегі әйелдердің үлесін арттыру, – деді ол.
Жобаға қатысуға 94 әйел өтінім берген. Сұхбат пен іріктеу қорытындысы бойынша 50 қатысушы таңдалып алынды. Бағдарлама аясында түрлі салада табысқа жеткен әйелдермен кездесулер ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Бұл қатысушылардың кәсіби байланыстарын кеңейтіп, жеке және мансаптық дамуына серпін берді.
Қатысушылардың бірі Нұржауған Исагалиева жобаның өзіне жаңа білім мен жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал еткенін атап өтті.
– Бес күн бойы тың ақпарат алып, көптеген жаңа адамдармен таныстық. Бұл көшбасшылық жолындағы маңызды қадам болды, – деді ол.
Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Хұсни ХАМЗА


