Атырау облысында қазіргі таңда 3947 мейірбике қызмет етеді. Оның 200-ге жуығы Атырау облыстық перинаталдық орталығында жұмыс жасайды.
Орталықтың бас акушері Айгерім Турдалиеваның айтуынша, бүгінде мекемеде 125 мейірбике мен 61 акушер жұмыс жасайды.
«Орталығымыз жыл сайын жас мамандармен толығып отырады. Биыл 17 жас маман келді. Олардың басым бөлігі — жергілікті мамандар. Сонымен қатар көршілес Ақтөбе облысынан келген қызметкерлер де бар», — дейді А. Турдалиева.
Мамандардың айтуынша, өңірде мейірбикелерге сұраныс әлі де жоғары. Әсіресе тәжірибелі және жас мамандарға қажеттілік бар. Сондықтан медицина ұйымдары жаңа кадрларды жұмысқа тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Биыл келген жас мейірбикелердің бірі — Альбина Жагорова. Ол Атырау жоғары медициналық колледжінің түлегі. Жас маманның жұмысқа орналасқанына небәрі бес ай болғанына қарамастан, өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр.
Халықаралық мейірбикелер күніне орай орталықта жас және аға буын мейірбикелері арасында тәжірибе алмасу мақсатында арнайы сайыс ұйымдастырылды.

