Атырау өңірінің жасыл желегін көбейтуге бағытталған жаңа жоба қолға алынбақ. Жайық өзенінің маңынан ағаш өсіретін тәлімбақ ашу мәселесі облыс әкімі Болат Ақшолақов пен «Forest of Central Asia» ЖШС басшысы Темірбек Мамаевтың кездесуінде талқыланды.
Жоба Еркінқала ауылының аумағында жүзеге асырылмақ. Мұнда көлемі 20 гектар болатын тәлімбақ құру жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірді көгалдандыру ісін жүйелі жүргізуге мүмкіндік беріп, табиғи ортаға бейімделген көшеттердің тұрақты қорын қалыптастыруға жол ашпақ.
Жобаны қаржыландырудың аралас тәсілі қарастырылған. Инвестицияның 60 пайызы жеке қаражат есебінен салынса, қалған 40 пайызы серіктестердің үлесіне тиесілі болады.
Тәлімбақтың алғашқы жұмыстары биыл басталуы мүмкін. Сынақ ретінде резерват аумағындағы бір гектар жерге әртүрлі ағаш-бұта түрлері отырғызылмақ. Мамандар жергілікті табиғи жағдайға бейімделуі мүмкін үйеңкі, қарағаш, қарағай секілді ағаш түрлерін өсіруді ұсынып отыр.
Атыраудың табиғи ерекшелігі мен топырақ жағдайын ескерсек, көшетті жай ғана отырғызу жеткіліксіз. Сондықтан жоба аясында топырақ құрамын жақсартудың заманауи тәсілдері қолданылып, суару үдерісін автоматтандыру көзделген. Бұл өсімдіктердің жерсінуіне және қалыпты өсуіне жағдай жасауға тиіс.
«Forest of Central Asia» компаниясы үшін бұл бағыт жаңа емес. Кәсіпорын Ақмола облысында 83 гектар аумақта тәлімбақ жүргізіп, онда 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қарағанды облысында да 20 гектарлық осындай нысан жұмыс істейді.
Атыраудағы жобаның тағы бір ерекшелігі – оның өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталуында. Жаңа тәлімбақ болашақта қала мен елді мекендерді көгалдандыруға қажетті көшет базасын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен бірге қосымша жұмыс орындары ашылады.
Кездесуде облыс әкімі «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді көгалдандырудың маңызына тоқталды. Экологиялық бағыттағы мұндай жобаларға мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Болат Оралұлы жоба авторларына отандық ғылыми зерттеулерді де назардан тыс қалдырмауды ұсынды. Атап айтқанда, топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі ғалымдардың еңбектерін өндірістік тәжірибеге енгізіп, тиісті ғылыми институттармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Әрине, табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жауапкершілік екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Жайық жағалауындағы жаңа тәлімбақтың құрылуы «Таза Қазақстан» идеясының нақты іспен сабақтасқан бір көрінісі болмақ.
Майра ЕРҒАЛИ


