Атырау облысында азаматтық қоғамды дамытуға, волонтерлік қозғалысты қолдауға және коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) әлеуетін арттыруға бағытталған «Qabilet КЕҰ қауымдастығы» жобасының жаңа кезеңі іске қосылды. Инициативаны «Qabilet» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асыруда. Жоба аясында Атырау қаласы мен облыс аудандарында кіріспе семинарлар өтті.
Биыл жоба айтарлықтай кеңейіп, құрылымы нақты жүйелендірілді. Оқыту үш деңгей бойынша ұйымдастырылды: волонтерлерге, жаңадан құрылған КЕҰ-дарға және тәжірибелі ұйымдарға арналған бағыттар. Бұл тәсіл қатысушыларға өз тәжірибесі мен қажеттілігіне сай білім мен практикалық құралдарды алуға мүмкіндік берді.
Кіріспе семинарлар барысында өңір тұрғындары — белсенді жастардан бастап азаматтық сектор өкілдеріне дейін — бағдарлама мүмкіндіктерімен, әлеуметтік жобаларды басқару негіздерімен, қаржыландыру тарту тетіктерімен және қауымдастықтармен тиімді жұмыс істеу қағидаларымен танысты. Сарапшылар қатысушыларға консультациялар беріп, болашақ бастамаларына алғашқы идеяларын қалыптастыруға көмектесті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға деген қызығушылық жоғары болып, семинарлар әлеуметтік жобаларды дамытуға ниетті адамдар үшін тәжірибе алмасу және серіктес табу алаңына айналды.
«Qabilet» қоғамдық қорында жобаның тек оқытуға ғана емес, сонымен қатар нақты нәтижеге — жаңа бастамалардың пайда болуына, қолданыстағы ұйымдардың дамуына және өңірдегі азаматтық белсенділіктің артуына бағытталғаны атап өтілді.
«Qabilet» қоғамдық қорының директоры Алтынгүл Атабаева жобаның өңір тұрғындарының бастамаларын қолдауда маңызды құралға айналғанын айтты.
«Біз өңірде әлеуметтік өзгерістерге тек қызығушылық танытып қана қоймай, оны жүзеге асыруға дайын азаматтардың көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз — оларға білім, сүйемелдеу және өз идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік беру. Осындай бастамалардан мықты ұйымдар мен тұрақты азаматтық қоғам қалыптасады», — деді ол.
Еске салайық, 2025 жылы жоба Атырау қаласы мен Жылыой ауданында сәтті жүзеге асырылған болатын. Ол кезде 110 өтінім қабылданып, 54 қатысушы оқудан өтті, 31 әлеуметтік жоба әзірленіп, оның 15-і қаржылай қолдау тапты. Сонымен қатар, бірқатар қатысушылар Астана мен Алматыда тағылымдамадан өтіп, бұл өңірде жаңа КЕҰ-дардың құрылуына ықпал етті.

