Астана қаласында өткен республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатон» білім беру саласындағы заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдануға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, тың идеялар мен инновациялық жобаларын ұсынды. Байқауға 400 мың ұстаз қатысып, оның ішінен “Ең үздік” деп танылған 400 ұстаз Республикалық Педагогикалық Хакатонға жолдама ұтып алды.
Осы беделді іс-шараға Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Еңбекші жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі педагог-шебер, филология магистрі, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері Амирханова Сара Бекетовна қатысып, кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Арнайы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың және “Аманат” партиясының қолдауымен Республикалық Сертификатқа ие болып, арнайы сыйлықпен марапатталды.
Хакатон барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Мұрат Әбенов, Нартай Аралбайұлы, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшылары мен ғалымдары қатысқан мазмұнды кездесулер өтті. Осындай зиялы қауым өкілдерімен пікір алмасу ұстаздар үшін үлкен тәжірибе мектебі болды.
Сара Бекетовна Хакатон аясында тәрбие жұмыстары мен білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісіп, шығармашылық ізденістері мен педагогикалық тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, білім саласындағы жаңа үрдістер, цифрлық сауаттылықты дамыту, оқытудағы инновациялық тәсілдер жөнінде құнды ақпараттар алып, кәсіби байланыстарын кеңейтті. Әріптесіміз тек қана білім саласында ғана емес, сонымен қатар бала тәрбиесінде өнегелі отбасының ұйытқысы болған көп балалы ана! Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып, кәсіби даму жолында білім саласына қосып жүрген үлесі орасан зор.
«EduAI» педагогикалық хакатоны – тек байқау ғана емес, педагогтердің кәсіби дамуына серпін беретін, жаңашыл идеяларды қолдайтын және болашақ білім беру жүйесінің бағыттарын айқындайтын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысу – ұстаздың кәсіби өсуінің, үздік тәжірибелерді меңгеруінің және білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесінің айқын көрсеткіші.
Амирханова Сара Бекетовнаға шығармашылық табыс, жаңа жобалар мен кәсіби жетістіктер тілейміз!
Еңбекші жалпы орта мектебі


