Махамбет ауданына қарасты Қызылүй орта мектебінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 11-сынып оқушыларының қатысуымен «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті. Бұл игі шара табиғатты аялау мен қоршаған ортаға жанашырлық танытудың нақты көрінісіне айналды.
Аталған бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, жас ұрпақты экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеуді көздейді. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда мектеп бітіруші түлектердің бұл акцияға белсенді қатысуы олардың азаматтық ұстанымының қалыптасқанын аңғартады.
Шара барысында 11-сынып оқушылары мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, оны күтіп-баптаудың маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті. Әрбір отырғызылған ағаш – түлектердің мектепке қалдырған ізі, болашаққа деген үміті мен табиғатқа деген құрметінің белгісі іспетті. Бұл бастама келешек ұрпаққа үлгі болып, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.
Мектеп ұжымы да бұл акцияға қолдау білдіріп, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасын табатынын атап өтті. Мұндай шаралар оқушылардың бойында жауапкершілік, жанашырлық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды нығайтады.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

