Әйел денсаулығы – отбасы бақыты мен ұлт саулығының маңызды негіздерінің бірі. Отбасы күні апталығы аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Әйел денсаулығы: репродуктивті сауаттылық – бақытты болашақ кепілі» тақырыбында кездесу өтті.
Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы мен «N&K» клиникасы ұйымдастырған шарада студенттер білікті мамандармен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
– Бұл – бүкпесіз әңгіме алаңы. Көкейлеріңіздегі, тіпті ата-аналарыңызға да айта алмай жүрген мәселелеріңізді ашық айту үшін білікті мамандарды бір ортаға жинап отырмыз. Денсаулыққа қатысты сұрақ қоюдан ұялмаңыздар. Ең бастысы – өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарау, – деді Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ардақ Жауырова.
Кездесуде репродуктивтік денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу, уақытылы медициналық тексеруден өту, жүктілікті жоспарлау және ана болуға дайындық мәселелері талқыланды. Мамандар жастардың медициналық сауатын арттырып, денсаулыққа қатысты мәселелер бойынша дер кезінде дәрігер кеңесіне жүгінудің маңызын атап өтті.
Шара барысында «N&K» клиникасының негізін қалаушы Назымгүл Мендешова да сөз алып, әйел денсаулығын сақтауда алдын алу шаралары мен тұрақты медициналық бақылаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, репродуктивті сауаттылық болашақ ана мен баланың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Еркін форматта өткен кездесуде студенттер мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Назымгүл Мендешова клиника атынан белсенді студент қыздарға медициналық тексеруден өту үшін сертификат табыстады.








Мәлике МӘЛІК
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


