Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасына сәйкес, №49 «Келешек» мектебінде 2026–2027 оқу жылына дайындық аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж білім алушыларды анықтау және оларға мемлекеттік қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – әрбір оқушының сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасап, жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастауына жағдай жасау.
Әлеуметтік қолдау:
* мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына;
* жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына;
* жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
* төтенше жағдай салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балаларына;
* Қамқоршылық кеңесінің шешімімен әлеуметтік қолдауға мұқтаж деп танылған өзге де білім алушыларға (демеушілер қаражаты есебінен) көрсетіледі.
Биыл мемлекеттік қолдауды тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы цифрлық жүйелер арқылы бағаланады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар мәліметтер азаматтардан қайта талап етілмейді.
Өтініш беру үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжатты және қажет болған жағдайда неке қию немесе бұзу туралы куәлікті, қорғаншылықты белгілеу туралы шешімді, сондай-ақ төтенше жағдайды растайтын құжаттарды ұсынады. Қалған мәліметтер білім беру ұйымы арқылы интеграцияланған ақпараттық жүйеден алынады.
Сонымен қатар мемлекеттік мектептердің барлық бастауыш сынып оқушылары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
№49 «Келешек» мектебі әрбір оқушының жаңа оқу жылын сапалы білім алуға дайын күйде бастауына қолдау көрсетуді басты міндеттердің бірі деп санайды.

