“IQanat білім қоры» қоғамдық қоры мен Атырау облыстық Білім беру басқармасының білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, Атырау облысы ауылдарының 8 сынып оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасын жыл сайын ұйымдастырады.
Олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар тізбесіне енгізілген.


Біздің IQanat білім беру қоры жыл сайын ауылдық жерлерден ең ақылды, талантты, мықты оқушыларды іріктеуден өткізеді.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – еліміздің ауылдық жалпы білім беретін мектептері оқушыларының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының ынтасын арттыру.

Биыл IQanat Олимпиадасы еліміз бойынша 50 000-нан астам ауыл оқушысын қамтыды. Ал II турға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 000-нан аса ең мықты қатысушы жолдама алды. Ал біздің ауданымыздан 106 оқушы тестілеуде бағын сынады. Олимпиада Гагарин атындағы жалпы орта мектепте ұйымдастырылды. 5 кабинетке бөлінген оқушыларға “IQanat білім қоры» қоғамдық қорының Атырау облысы бойынша координаторы Сәуле Кубашева тестілеуді орындау, жауап парақтарын белгілеу бойынша түсіндірді.

Жалпы, Атырау облысынан олимпиадаға 400-ден астам оқушы қатысады. Өңірдегі сайыс 16–27 наурыз аралығында өтеді.
II тур - жай ғана тестілеу емес, бұл - елеулі зияткерлік сын. Міндетті бағыттардан (логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы) бөлек, қатысушылар ағылшын тілінен және бір профильдік пәннен емтихан тапсырады. Таңдау пәндері: математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы немесе география.
II турдың нәтижесінде 1000 финалист анықталып, олар финалда төмендегі мүмкіндіктер үшін бақ сынайды:
● Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқу;
● Үш жылдық білім беру қолдауы, оған ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындық, тереңдетілген ағылшын тілі, IT-дағдылар, soft skills дамыту және кәсіпкерлік негіздері кіреді.
IQanat - ауыл балаларының әлеуетін ашуға көмектесетін қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Жоба арқасында IQanat түлектерінің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына грантпен оқуға түсіп, бүгінде әлемнің 19 елінде білім алуда. Бұл - арман мен табандылықтың кез келген кедергіден биік екенін дәлелдейді.
Айнагүл Шакупова

