Ел үшін жанын қиған ерлердің есімін ұлықтау – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды бағыты. Осы мақсатта 47 «Келешек» мектебінде Береке ауылының тумасы, қызметтік міндетін атқару кезінде өзгенің өмірін құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Көшкінбайұлы Ақымғалиевтің есімі ерекше құрметпен дәріптеліп келеді.
Батыр полицейдің жарқын бейнесін ұлықтау мақсатында мектеп дәлізінде арнайы естелік бұрышы ашылған. Онда Шалқар Ақымғалиевтің өмір жолы, қызмет еткен жылдары, кәсіби жетістіктері мен көрсеткен ерлігі туралы мәліметтер жинақталған. Бұл бұрыш оқушыларды батырдың өнегелі өмірімен таныстырып, олардың бойында елге адал қызмет ету, адам өмірін бағалау және Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар мектепте батырдың есімі берілген «Жас сақшылар» сыныбы жұмыс істейді. Аталған сыныпта білім алушылар құқықтық тәрбие, азаматтық жауапкершілік және әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным ретінде қалыптастыруға тәрбиеленеді.
Бұдан бөлек, мектептің 307-тарих кабинеті Шалқар Ақымғалиевтің есімімен аталады.
Мектеп ұжымы үшін Шалқар Ақымғалиевтің ерлігі – жас ұрпаққа үлгі болатын асыл мұра. Батырдың есімін ұлықтау арқылы оқушылардың бойына патриоттық рух, азаматтық жауапкершілік пен елге қызмет ету құндылықтарын сіңіру – тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

