Италиялық MAIRE компаниясының «Jaryq Academy» халықаралық бағдарламасының алғашқы легі сәтті аяқталды

(0 Votes)

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде италиялық MAIRE компаниясы жүзеге асыратын «Jaryq Academy» халықаралық білім беру бағдарламасының алғашқы легінің жабылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында бағдарламаны табысты аяқтаған қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды.
«Jaryq Academy» – өндіріс, бизнес және жоғары білім беру саласын тоғыстыратын халықаралық білім беру бастамасы. Бағдарлама жас инженерлерді әлемдік инженерлік стандарттарға сәйкес даярлауға, олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және халықаралық өндірістік ортада тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Оқу барысында қатысушылар халықаралық EPC (Engineering, Procurement and Construction) жобаларын басқару қағидаттарын меңгеріп, өндірісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен танысты. Бағдарлама теориялық білімді нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға негізделген.
Тағылымдаманың соңғы кезеңінде қатысушылар Атырау облысындағы Қарабатан кентінде жүзеге асырылып жатқан Silleno мұнай-газ химиясы жобасында өндірістік тәжірибеден өтті. Олар халықаралық деңгейдегі ірі жобаның жұмысымен танысып, тәжірибелі инженерлермен бірге жұмыс істей отырып, инженерлік-құрылыс саласындағы өндірістік үдерістерді іс жүзінде меңгерді.
Практикалық оқыту барысында қатысушылар әр үш күн сайын компанияның түрлі құрылымдық бөлімшелерінде тәжірибеден өтіп, AWP, Project Engineering, Process Engineering, Cost Planning, Construction, Project Control, Subcontract Administration және басқа да бағыттардың жұмысымен танысты. Бұл тәжірибе болашақ инженерлерге өндірістік жобаларды жоспарлау, жобалау, басқару және іске асырудың толық циклін терең түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылар жобаларды басқару, инженерлік құжаттаманы әзірлеу, шығындарды жоспарлау, құрылыс жұмыстарын үйлестіру және өндірістік процестерді ұйымдастыру бағыттарында қолданбалы тәжірибе жинақтады. Мұндай дайындық олардың халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаһандық инженерлік компанияларда кәсіби мансап қалыптастыруына негіз болады.

Жабылу салтанатына MAIRE компаниясының Anatolia and Central Asia Vice President Niccoló Heilpern, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ғылым және инновация жөніндегі проректоры Алмасбек Утегенов, MAIRE компаниясының Vice President – Group Institutional Relations, Communication & Sustainability Carlo Nicolais (онлайн), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Балықбаев, KMG PetroChem компаниясының Басқарма төрағасы Диаз Диянов, Silleno LLP бас директоры Мұхтар Әуітбаев қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде MAIRE Jaryq Academy бағдарламасының жас инженерлерді халықаралық деңгейде даярлаудағы стратегиялық маңызын атап өтіп, жоғары оқу орны мен өндіріс арасындағы тиімді әріптестіктің елдің адами капиталын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Бағдарлама жастарға әлемдік инженерлік тәжірибені меңгеруге, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және халықаралық кәсіби ортада сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Қазіргі таңда бағдарламаның екінші легі өз жұмысын бастады. Atyrau Oil and Gas University-дің бес түлегі іріктеуден сәтті өтіп, бағдарламаның алғашқы кезеңін Италияның Милан қаласындағы MAIRE компаниясының бас кеңсесінде аяқтады. Онда қатысушылар Business Skills, Sustainability және Green Energy бағыттары бойынша білім алып, халықаралық сарапшылардың дәрістеріне қатысты.
Бағдарламаның келесі кезеңі Үндістанның Мумбай қаласында жалғасады. Бұл кезеңде қатысушылар инженерлік модульден өтіп, халықаралық өндірістік тәжірибе алмасып, заманауи инженерлік технологиялар мен ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудың озық тәжірибесін меңгереді.
MAIRE компаниясымен жүзеге асырылып жатқан «Jaryq Academy» бағдарламасы Қазақстанның инженерлік білім беру жүйесін халықаралық тәжірибемен ұштастыруға, өндіріс пен жоғары білім арасындағы байланысты нығайтуға және мұнай-газ, мұнай-газ химиясы мен энергетика салалары үшін жаһандық талаптарға сай жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған маңызды халықаралық бастама болып табылады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT