Атырау облысында «Құндылыққа негізделген білім және жасанды интеллект дәуірі – адами капиталды дамытудың стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің облыстық тамыз кеңесі аясында секциялық отырыстар өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дәстүрлі жиында білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланып, ұлттық құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру, «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамаларын ілгерілету бағыттары қаралды. Сонымен қатар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді әрі жауапты пайдалану, білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты күшейту және 2026–2027 оқу жылына арналған өңірлік басым міндеттер сөз болды.
Секциялық отырыстар өңірдегі алты алаңда алты бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектеп басшылары, тәрбие ұйымдарының жетекшілері, инклюзивті білім беру мамандары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ педагог-психологтар өз секциялары бойынша жұмыс жүргізді.
– Тамыз кеңесі педагогтер үшін тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы маңызды бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік берді, – деді Атырау облысы Білім беру басқармасының Оқу бөлімінің басшысы Айнагүл Жұмағазиева.


