Атыраудағы «Келешек» мектебіне Қытай тәжірибесі енгізілмек

(0 Votes)

Атыраудағы №49 «Келешек» мектебінде Қытайдың озық білім беру ұйымдарының тәжірибесі енгізілмек. Мектеп директоры Гүлмира Қалиева халықаралық тәжірибені зерделеп, оның тиімді тұстарын білім беру үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр.

Биыл мектеп оқушылары сабақ барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана бастайды. Бұл туралы мектеп директоры Гүлмира Қалиева айтып берді.

«Жазғы каникул кезінде «Келешек мектептерінің» директорлары Қытайда тәжірибе алмасу семинарына қатысып, білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдерімен танысып қайттық. Заманауи мектептердің озық үлгілерін көрдік. Соның ішінде оқушылардың үй тапсырмасын тексеріп, нәтижесін саралап беретін «AI мектеп» – ақылды мектеп жүйесін біздің мектепке де енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл, ең алдымен, мұғалімнің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-ана, мұғалім және оқушы, мектеп әкімшілігі оқу үлгерімін бір жүйе арқылы бақылай алады. Бұл ата-аналар үшін баласының сабақ үлгерімін қадағалауда өте тиімді болады», – дейді мектеп директоры Гүлмира Қалиева.

Мектеп басшысының айтуынша, халықаралық тәжірибені сол күйінде көшіру емес, оның тиімді тұстарын жергілікті білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеу маңызды.

№49 «Келешек» мектебі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Атырау қаласының Жұлдыз-3 ықшам ауданында бой көтерді. Білім ордасы 2025 жылғы 31 желтоқсанда ашылған.

Заманауи мектепте оқу кабинеттерімен қатар STEM-зертханалары, шығармашылық және спорттық бағыттағы арнайы кеңістіктер қарастырылған. Бүгінде мектепте 951 оқушы білім алып, оларға 72 педагог сабақ береді.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT