Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында Атырау қаласында ашылған №48 жалпы білім беретін мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтті. Биыл заманауи білім ордасы алғашқы оқу жылын аяқтады.
Салтанатты шараға ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысып, мектеп бітірушілеріне ақ жол тіледі. Мерекелік кеш барысында оқушылар ән айтып, би билеп, ұстаздарына алғыстарын білдірді.
9-сынып оқушысы Кәусар Рүстемқызы жаңа мектептің алғашқы түлектерінің бірі ретінде білім ордасына ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, бастапқыда әртүрлі мектептен келген оқушылар үшін ортаға бейімделу қиын болады деген алаңдаушылық болған. Алайда ұстаздардың қолдауының арқасында оқушылар жаңа ортаға тез сіңісіп кеткен.
– «Келешек мектебінің» алғашқы түлектері ретінде алғыс айтқым келеді. Қысқа уақыт ішінде сапалы білім алдық. Басында бәріміз әр мектептен келгендіктен қиын болатын шығар деп ойладық. Бірақ аяулы ұстаздарымыздың арқасында бейімделу кезеңі оңай өтті, – деді ол.
«Жұлдыз-2» шағын ауданында орналасқан жаңа мектеп биыл екі ауысымда 1400 оқушы қабылдады. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын ғимаратта заманауи оқу кабинеттерімен қатар асхана, спорт және акт залдары, кітапхана, STEM-зертхана мен медициналық кабинет жұмыс істейді. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы лифт орнатылған.
№48 жалпы білім беретін мектеп директоры Орынгүл Қуандықованың айтуынша, білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген.
– Биылғы оқу жылын 1313 оқушымен аяқтағалы отырмыз. Оның ішінде 191 оқушы оқу озаты атанды. Республикалық білім, өнер, спорт салаларында да жетістіктеріміз көп. Бұл – ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі, – деді мектеп директоры.
Нұргүл Насыр

