27 қыркүйек – Халықаралық туризм күні Қазақстанда 1993 жылдан бері аталып келеді. Осы мерекеге орай аудандық Жас туристер бекетінің ұйымдастыруымен Кудряшов ауылының көрікті орны Петухов орманында мұғалімдер арасындағы аудандық туристік слет өтті.
Әлі де жайқалған желегін сыпырып үлгермеген теректер арасындағы алаңда ұйымдастырылған сайысқа ауданымыздың мектептерінен 18 команда қатысса, оның ішінде бірінші рет бақ сынағалы отырған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің командасы да бар. Аталған алаңның екі жағында сапқа тұрып бой түзеген теректер арасында жағалай құрылған туристік палаткалар ерекше көз тартып, табиғаттың сұлулығымен үйлесім тапқан. Әрқайсысының қасында тамақ әзірлейтін орындар қонысы қонған. Алуан түрлі спорттық киімдермен жүрген команда мүшелерініңде көңілдері көтеріңкі. Күнделікті күйбең тіршіліктен, жұмысбастылықтан сәл ғана қол үзіп, ұжым болып тамылжыған табиғаттың аясында осылай демалғанның, қызықты сайыстарға қатысқанның өзі бір мәртебе емес пе?! Олардың қуаныштарына ортақтасқысы келген қоңыр күз салқын желі мен жаңбырын қалтасына екі бүктеп салып алып, тақиядай төңкерілген, ақша бұлтпен оюланған көк аспанға ақшаңқын күнді іліп қойды.

Слеттің ашылу салтанатында Әнұранымыз ойналып, көк байрағымыз көтерілгеннен кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері Еділ Баяров сөйлеп: – Бүгінде еліміз бойынша туризмді дамыту қолға алынып, насихатталып жүр. Бірақ та облысымыздағы аудандардың ішінде осы сайысты ерекше ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келе жатқан Құрманғазы ауданы ғана. Ұйымдастырылып жатқан осы шара жаңа оқу жылында сіздерге үлкен шабыт береді деп есептейміз, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұңғат Бірәлиев жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап: – Бұған дейін бұл слет ұстаздар арасында өтетін болса биылғы жылдан бастап мәдениет саласының қызметкерлері де қатысып тұр. Ұстаздарға және қызметкерлерімізге қолдау көрсетіп, жеңіс тілеу үшін келіп жатырмыз. Осы слетті ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз. Биіктен көріне беріңіздер, – деген ізгі тілегін жолдады.
Аудандық Жас туристер бекетінің директоры Алмажи Өтегенов бізбен әңгімесінде: – Мемлекет басшысы туризмді дамытуды басты мақсат етіп қойып отыр. Оны жергілікті жерде жүзеге асыруда аудандық Жас туристер бекетінің де үлесі зор. Біз өз тарапымыздан бұл бағытта түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Соның бірі бүгінгі слет. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл слеттің мақсаты жастар арасында туризмге деген қызығушылықты арттыру және оның техникаларынан хабардар ету. Шарамыз спорттық туризм және спорттық бағдарлау жарыстарынан тұрады. Командалар спорттық бағдарлау жарыстары, садақ ату, волейбол, ән айту, көңілді тапқыштар клубы бойынша сынға түседі, – деді.


Екі күнге созылған жарыста «сен тұр, мен атайын» деген командалардың бағы жанары анық. Ендеше, сәттілік серік болсын дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ


