Жаңа вокзал пайдалануға берілді

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық округінде заман талабына сай қайта жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынған теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Шараны ауданымызға танымал мәдениет қызметкері Болат Бидоллаев жүргізді. Салтанатты жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрайымы Гүлжаннат Қалиева, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» ААҚ Атырау магистралдық желісі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаев, сала ардагерлері, теміржол қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы облыс әкімінің атынан құттықтап: – Президентіміздің тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда елімізде теміржол көлігі инфрақұрылымын дамыту және логистика бағыттарын жандандыру бағытында жүйелі түрде үлкен қомақты істер атқарылып жатыр. Осы жұмыстар Атырау облысында да қолға алынды. Бізде облыс бойынша 9 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жасалды. Жаңа Аққыстау теміржол вокзалын аштық. Енді осында келіп отырмыз. Келесі айда тағы үш вокзал қосылады. Жылдың аяғына дейін осы 9 вокзалды толықтай аяқтап тапсырамыз деген үмітіміз бар. Оның негізгі жүрген жұмыстары бойынша көлік министрлігіндегі, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамындағы және жергілікті жердегі әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. 

Бұл заманауи үлгіде салынған теміржол вокзалы. Мұның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, ана мен балаға арналған, басқа да қажетті бөлмелер толықтай қарастырылған, – деп еліміз тыныш отбасымыз аман, еңбегіміз жемісті болсын деген ізгі  тілегін жеткізіп, «Батыс Строй Сервис Атырау» ЖШС қызметкерлері Ербол Қабдрахманов, Айболат Құспанов, «Ганюшкин теміржол вокзалының» аға кезекшісі Елена Адиеваны облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» ААҚ Атырау магистралдық  желісі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаев: – Қазақстан Республикасы Үкіметінің ведомстық нұсқауымен «Қазақстан темір жолы»» ААҚ ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастыруымен  үлкен жұмыстар атқарылды. Жаңа айтылып өткендей бұл заманауи вокзалда жолаушыларға керекті барлық жағдайлар жасалған. Вокзал жалпы елдің, аулымыздың қақпасы. Енді мынандай әдемі ғимарат елдің көңілінен шығып, сапалы қызмет етеді деген сенімдемін. Келіп жатқан жолаушыларға қош елдің деп, вокзалдан аттанатындарға сапараларың сәтті, әруақытта жолдарыңыз болсын деген тілек айтқымыз келеді, – деді. 

Теміржол қызметкерлері атынан сала ардагері Максим Гробов сөйлеп ризашалығын білдіргеннен кейін, «Батыс Строй Сервис Атырау» ЖШС қызметкері Ербол Қабдрахманов символикалық кілтті «Ганюшкин теміржол вокзалының» аға кезекшісі Елена Адиеваға табыс етті. Вокзал алдына қиылған лентаны Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» ААҚ Атырау магистралдық  желісі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаев сала ардагері Максим Гробов қиды.

Тұрғындар мен қонақтар ұсынылған ақ пен бауырсақтан дәм татып ғимаратты аралап, балалар шашылған шашуды жинап, мәре-сәре болды. Осылайша ауданымыздың архитектуралық кескін-келбеті сән-салтанаты жарасқан еңселі жаңа ғимаратпен толықты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT