Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектебінің республикалық, облыстық пәндік, зияткерлік және шығармашылық байқауларда оза шапқан 9-11 сынып оқушылары тамыз айының 1-3 і аралағында Түркістан шаһарына 3 күндік саяхатқа барып қайттық.
Бұл саяхат оқушыларды ынталандырып, рухани байыта түсуіне зор ықпалын тигізді.
Саяхатымыздың алғашқы күні сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жол тарттық. Сол жердегі ерекше атмосфера бізді 7-8 ғасырға кейін шегіндіргендей болды. Тарихи маңызын әлі күнге дейін сақтап тұрған кесене біз ойлағаннан да керемет болып шықты. Әдемі пейзаждық көріністер мен сан жетпес рухани байлық көз қуантты. Абылай хан мен Қожа Ахмет Ясауи жерленген орынды көріп, Құран бағыштап, игі тілектерімізді тіледік.
Тайқазанды өз көзімізбен көру біз үшін үлкен мәртебе болды. Жадымызда сақталатын тағы бір дүние — Қылует асты мешіті. Қожа Ахмет Ясауидің 63 жастан кейін осы жерде өмір сүргенін және «Насабнама» деректері туралы білдік. Келесі аялдамамыз — Қожа Ахмет Ясауидің ұлағатты ұстазы, қолына құрма беріп, жүрегіне иман ұялатқан тұлға Арыстан баб кесенесі болды. Бұл жерде Арыстан баб, Қарға баб және Лашын бабтар жерленген. Әрқайсысының өзіндік терең тарихы бар.Кесене ауласында қасиетті құдық бар екен. Сол құдықтан су ішіп көріп едік, тұзды дәмі бірден сезілді. Кесенеден шығар кезде Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегінен тасқа жазылған үзінділерді және Ясауи мен оның шәкірттерінің мөрлерін (ұрпақтарында сақталған түпнұсқалардың көшірмесін) тамашаладық.Одан кейінгі сапарымыз Үкәша ата басына барып, оның тарихымен танысумен жалғасты. Түскен деректерге сүйенсек, жаулары жуас әйелін алдап, Үкәша атаның әлсіз тұсын біліп алған екен. Ол кісі таң намазында жаратқанға беріле ғибадат еткен сәтте денесі босап тұрады екен, сол сәтте жаулары оның басын шапқанда, басы 25 метрге дейін домалап кеткен деседі. Осыған байланысты оның жерленген жерінің ұзындығы 25 метрді құрайды.
Үкәша атаның қасиетті құдығының сыры да ерекше: біреуге су шықса, біреуге тартылып, шықпай қалады. Біздің топтан тек екі адамға ғана су бұйырды. Ел аузындағы аңыз бойынша, домалаған бас тоқтаған жерге найзағай түсіп, осы құдық пайда болған. Бұл оқиғаны естігенде дүниедегі тылсым күштердің бар екеніне көзіміз жеткендей болды.
Түркістан — сан ғасырлық тарихы бар қала. Менің ең қатты көргім келген жерлерімнің бірі- Ежелгі Отырар қалашығы еді. Әлі де сыры толық ашылмаған, тарихы жер астында жатқан бұл мекеннен көптеген құнды ақпараттар алдық. Сол замандағы бабаларымыздың турмыс-тіршілігі мен іс-әрекеттері бізді қайран қалдырды: жылы еден жүйесі, қолөнер, қала мәдениеті, Шығыс моншасы және тазалық деңгейі таңдай қақтырмай қоймайды. Жергілікті гидтер бұл қаланың әлі 17-ғасырға дейінгі кезеңі ғана зерттелгенін айтты.
Саяхат барысында заманауи нысандармен танысуға да мүмкіндік болды.Түркістандағы «Алтын Самұрық» кешеніндегі 8D кинотеатрына барып, тарихты көз алдымызда жанғандай сезіндік. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына барып, студенттердің білім алу жағдайымен таныстық. «Тұңғыш Президент саябағында» серуендеп, таза ауамен тыныстап, ерекше әсермен қайттық.



Жалпы, бұл- менің өмірімдегі ең алғашқы ауқымды саяхат болды. Тарихымызда қаншама ашылмаған сырлар бар екенін түсіндім. Мұндай тарихи шаһар мектеп оқушыларын рухани байытып, білімге деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз. Жазғы демалысымызда осындай ұмытылмас сәттің куәсі болу мен үшін бақыт болса, білім мен дарындылықты танудағы ұстаздарымның ұшан-теңіз еңбегі үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, осындай бізге ынталандыру мен қолдау білдірген алтын ұя мектебіме рақмет айтамын.
Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ғайнулла Ержан


