Тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді

(0 Votes)

Ауданында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуді мақсат еткен «Құқықтық дәріхана» атты республикалық акция өтті. Аталған шара – ел көлемінде жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар жоспарының 89-тармағына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Бүгінде бұл акция барлық аудан мен қалаларда кеңінен жүргізілуде.

    Акция барысында тұрғындар түрлі мәселелерін көтерді. Аудан тұрғыны қараусыз жүрген, таңбаланбаған малдарға қатысты мәселе қозғап, иесіз малдарды қамауға арналған арнайы орындар салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, бір азамат жол-көлік оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істің барысы туралы сұрады. Ал бірінші топтағы мүгедектігі бар тұрғын есту құрылғысын алуға көмек сұрап жүгінді. Тағы бір тұрғын бұрынғы М.Әуезов мектебінің жатақханасындағы тәртіпсіздікке шағымданып, түнгі уақытта мазалайтын жастарға қатысты мәселені көтерді. Барлық сұрақтар бойынша тиісті мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

  Құрманғазы ауданы прокуратурасы ұйымдастырған шараға түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, халықпен тікелей байланыс орнатты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың бірнеше мекемені араламай-ақ, қажетті ақпаратты бір жерден алуына мүмкіндік берді. Құрманғазы ауданы прокуратурасы прокурорының орынбасары Ержан Иманғазиевтің айтуынша, акцияның басты мақсаты – әртүрлі сала мамандарын бір алаңға жинап, азаматтардың құқықтық мәселелерін жедел әрі тиімді шешу.

– Бұл акция арқылы тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарға нақты жауап алып қана қоймай, қажет болған жағдайда тиісті орган мамандарының көмегімен мәселені сол жерде шешуге мүмкіндік алады. Яғни, бір сұрақ бірнеше салаға қатысты болса, оны созбалаңға салмай, жедел қарастыру көзделген, – деді ол.

    Аталған шара тұрғындар тарапынан оң бағасын алып, құқықтық сауаттылықты арттыруға және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға өз үлесін қосты.

 

Ақбота Жалғауова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT