27 наурыз - халықаралық театр күні. Бұл — тек киелі сахна төрінде жүрген жандардың ғана емес, барша руханият жанашырларының ортақ мерекесі. Өмірдің өзі сахнада жанды сурет болып өрілетін театр - өнердің биік шыңы.
Мәдениет пен руханият саласынан, театр ұғымынан алшақтату мүмкін емес. Кезінде көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр — хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген баға да берген. Кейінгі жылдардағы көптің көңілінің театр толғамдарын ерекше талғаммен ұғып, іздеп тұратындардың қатарының қалыңдап жатқанын Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президен Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады» деп атап өткен болатын.
Сан қилы өнердің тоғысатын жері де осы – театр. Ән мен бидің, қара сөз бен қи¬мыл¬дың үн¬де¬суі, кейде сахна¬дағы үнсіз¬діктің өзі адам жанының қатпарына бойлап, қойылым өмірге айналып кете барады. Сондықтан болар, театр өнеріне деген көптің құрметі ерекше. Театр – өнерпаздарды бір шаңырақ астына біріктіріп, бір отбасындай жақындастыратын киелі құндылық. Қашаннан өнер ордасы болып келе жатқан ауданымызда да сахна әлемі кенжелеп қалған емес. Қазіргі таңда өлкеміздегі театр ұжымдары мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзіндік үлес қосып, өнерпаздарымыз заман талабына сай, жаңа үлгідегі қойылымдарды сахналап талғампаз көрерменіне ұсынып келеді.
Биылғы жылдың қараша айында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың туғанына 70 жыл толады. Қазақ прозасы мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгердің шығармалары адам жанының терең иірімдерін, қоғамдағы күрделі құбылыстарды, өмірдің ащы шындығын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Оның «Әбутәліп әпендімен» басталып, «Абай-сотпен» жалғасқан отызға тарта драматургиясы уақыттың тынысын, адам тағдырын, қоғамдағы моральдық құндылықтарды терең толғайтын рухани мұра. Рахымжанның мерейтойына орай оның шығармашылыған насихаттау Атырау қаласында облыстық «Шынайы шымылдық» фестивалімен бастау алды. Өнер байқауына ауданымыздың төрт халықтық атағы бар Д.Ғұмаров, З.Исмагулов атындағы және Орлы, Алға халық театрларының әртістері бірігіп, Самат Саламатовың(З.Исмагулов халық театрының режиссері) жетекшілігімен жазушының өткір әлеуметтік тақырыпқа арналған шығармаларының бірі «Нашақор жайлы новелла» атты екі бөлімді, төрт көріністі драмасын сахналап апарды. Спектакль – адам тағдыры, адасу мен өкініш, жалған бақыт пен шынайы өмірдің арасындағы күрес, қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесі жайлы ой қозғайтын әсерлі туынды. Қойылым арқылы көрерменге өмірдің мәні, жауапкершілік пен таңдау, адамгершілік құндылықтар жайлы терең ой салу мақсат етілген.
Қойылымда басты кейіпкер Жалқытайдың нашақорлық жолына түскен аянышты өмірі, мінез-құлқындағы өзгерістер баян етіледі. Әке-шешенің жалғыз ұлының есірткі сатумен айналысатын күдікті ортаға тап болып, тәуелділіктің шырмауына ілігуі, жалған ләззат үшін небір сорақылықтарға баруы, ақыр аяғы құбыжық кейіпке еніп, адамдықтан алыстауы шебер суреттеледі. Есірткіге тәуелді болған ол ата-анасын, аяулы жарын сыйлаудан қалып, сүттей ұйыған шаңырақтың берекесін қашырады. Пьесаның соңғы төртінші көрінісінде Жалқытай тірі өлікке айналып, бір-бірін жетектеген шамасы он-он бестей соқырлармен қосылып бірге адасады. Арасында таяқ ұстағаны бар жол таба алмай, тоқтай қалып дауласады, ығы-жығы күй кешеді. Өте аянышты көрініс. Туынды мейірім, иман, ар, отбасы, адамның денсаулығы мен өмірі, бостандығы мен арман-үміті сынды жалпы адамзаттық рухани құндылықтардың күйрегенін дәлелдейді. Нашақорлық – әлемдегі қаншама адамның өмірлерін күл етіп, трагедиялық тағдырларға себеп болатын үрейлі ұғым. Рахымжан Отарбаев «Нашақор жайлы новелла» атты драмасында Жалқытай мен оның жақындарының басына түскен ауыртпалықты сезінуді, олардың трагедиясының тереңдігін көруді, бір отбасының мысалында адамзаттық мәселенің өткірлігін түсінуді ұсынады.
«Шынайы шымылдық» фестивалінде талғампаз театралдардың жақсы бағасын алған спектакльді аудан орталығымен қатар Хиуаз, Орлы, Алға ауылдарының көрермендері тамашалауға мүмкіндік алды. Әр ауылда үлкен аншлагпен өткен бұл қойылым жерлес классик қаламгердің шығармашылығына деген құрмет пен рухани тағзымның көрінісі іспетті. Осылайша ауылдық халық театрларының бірлескен шығармашылық еңбегі арқылы көрерменге тағылымды ой тастап, ұлттық драматургияның өміршеңдігін тағы бір дәлелдеген мәдени оқиға болды.
Айбек НӘЖІМОВ

