Аумақты су басу қаупін байқаған кезде ТЖ қызметінің 112 нөмірі бойынша соғып, хабарлау қажет. Есіңізде болсын, қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін арашалап қалу мүмкіндігіңіз көбейеді. Төтенше жағдайлар мен іс-әрекет жөніндегі нұсқаулықтар мен ақпараттарды мұқият тыңдаңыз, телефон желісін қажетінсіз қолданбаңыз, сізбен байланысар кезінде желі бос болуы керек.
Сабырлық сақтап, көршілерге ескертіңіз, мүгедектерге, балаларға және де егде жастағы адамдарға көмек көрсетіңіз. Жергілікті билік орындарынан эвакуация үшін тұрғындарды жинау орнын анықтап, соған жедел барыңыз. Қауіптің боларын алдын ала сезген жағдайда үй ішіндегі техникалық заттар мен токқа қосылған барлық затты қуат көзінен ажыратып, су өтпейтін жерге қойыңыз. Есік-терезені қымтап жауып, ең құнды деген құжаттарды өзіңізбен алып жүріңіз, Бір киер киміңізді, уақытша ішпек-жемегіңізді және жылы көрпеше алуды да ұмытпаңыз.
Барынша апат болатын аймақтан қандай жағдай болмасын алыс жүруге және ерте бастан қам жасап, көшуге тырысыңыз. Ал егер су тасқыны бола қалған жағдайда биік жерге шығуға тырысыңыз. Су көлемі сізге жетпейтініне көз жеткізіңіз. Құтқарушылар келгенге дейін көзге көрінетін жерде және қауіпсіз жерде болыңыз. Бұл сізді тауып алуға септігін тигізеді. Малдың емес, жанның жайын ойлаңыз. Бас аман, ден сау болса дүние табылары анық.
Суға ағып кетуі қауіпті болған жағдайда барынша жағаға ұмтылуға тырысыңыз. Тал бұталарын қармап қалуға, ық ретінде алып тастардың үстіне шығуға талпыныңыз. Қалай болғанда да сабыр сақтаңыз. Суда жүзуге тура келетін жағдай болса барынша сақтықпен барыңыз. Өйткені суық суда үш минут тұруға болады. Ал арада б минут өткен соң ұстама ауруы басталуы мүмкін. Аяқ-қолыңыз тартылып қалмас үшін де абай болыңыз. Ең соңғы амал су ағысы қатты әрі сіз қармайтын ештеңе болмаған жағдайда, су бетінде қалқуға қауқарлы затты ұстап алыңыз. Бұл уақыт ұтуыңызға және көмек келгенше амалдауға көмектеседі.
Айналаңызда зардап шегушілер жоғына көз жеткізіңіз, болған жағдайда шамаңыз келгенше көмек қолын созуға тырысыңыз. Судың бетіндегі адамдарға құрғақ, жылы киім кигізіп, тыныштандыратын дәрі беру арқылы алғашқы көмек көрсету керек. Судың астында қалып қойған жағдайда үстіңіздегі ауыр киімдер мен аяқ киімді шешіп, жақын маңнан көмек келгенше пайдалана тұратын зат тауып алыңыз. Құтқару құралдарын артық заттармен толтырмаңыз.
Айбек НӘЖІМОВ

