Үштағандықтар қаламгерді құрметпен қарсылады

(0 Votes)
Атырау өңірінің абыз тұлғасы Өмірзақ Қажымғалиұлы 85-ке толған шағында алғашқы еңбек жолы басталған Азғыр өңіріне, атап айтсақ Ұштаған, Сүйіндік елді мекендеріне сапарлап қайтуды жөн санапты. Жазушының қасына аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, журналист-жазушы, ақын Таңатар Дәрелұлы, профессор, академик Сабыржан Сұлтанов, жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушев, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина және басқа да адамдар ілесті. Белгілі қаламгердің бұл сапарын жусаны бұрқыраған, төрт түлігі төрінде өрген, адамдары ақжарқын қалпынан жазбаған мекенде бір кездері өткен жастық шағын, жанына жақын адамдарды ойға оралтып, тағзым етуі, үлкейгенде «менде де осы жердің дәм-тұзын татқан азаматың едім»  деп елге сәлем беруі ретінде қабылдадық. Ағамыз бәзбіреулер сияқты көтеріліп кетсе «өзім болдым, өзім толдым», дейтіндерден емес. Әйтпесе аспа-түспе соқпа жолмен 300 шақырым жүріп қырға баруға жастардың өзі беттей бермейді. Көктем келіп Азғыр бойы жасыл түске малыныпты. Табиғаты қатал өңір сәуірдің суық, өткір желімен жолымызды аршып, арасында жаңбырымен шаңын басып сапарымызға өзінше қолдау көрсеткен қалып танытты.
Сапар барысында Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы ат басын Жұмекен Нәжімеденовке, одан кейін Құрманғазы Сағырбайұлына қойылған белгілерге бет бұрды. Осы жерде қасына ерген басшы-қосшыларына, ұрпақтарына  ұлы күйшіге  ескерткіш белгінің қойылу тарихын әңгімеледі. Күй қағанына өткен ғасырда қойылған белгі Құрманғазыдай қайсарлық танытып, бірнеше жылдан бері бір түйір жөндеу көрмей, сырын уақыт сүртсе де қасқа жолға  қасқая қарап алыстан менмұндалап тұр екен. Алдындағы киіз үй сияқты орын ішіне мал ықтайтын жерге айналыпты. Бұл ескерткішке жеңіл жөндеу болса да жүргізетін мезгіл әлдеқашан жеткен сияқты. Одан әрі Кененбай үңгіріне бардық. Алды опырылып құлап, ішіне қараңғылық ұя салғандықтан оған кіру мүмкін емес. Өмірзақ Қажымғалиұлы гид рөлін атқарып мұнда да тарихи ақпараттарды ортаға салды. Үлкейсе де жылдардан жаңылыспай, дәлелді деректерді алға тартып сөйлейтін ағамыздың есте сақтау қабілетіне тәнтіміз. Шежірені шетін мүжітпей сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жаралғандай. 
Үштаған ауылдық клубында ауыл тұрғындары қаламгер мен үзеңгілес серіктерін ақ пен бауырсақ ұсынып жылы қарсылады. Клубта өткен «Өмірі өнеге, еңбегі мұра» атты салтанатты шара С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблінің күмбірлеген күйлер орындауымен басталап, кеш кейіпкері академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы қошеметпен ортаға шақырылды. Асан ауылдық округінің әкімі Мақсат Мырзағалиев ақ тілегін арнап, Құттықтау хатын табыс етті.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы танымал ақын, ондаған кітаптардың авторы Таңатар Дәрелұлы әріптес ағасының өмір жолымен, шығармашылығымен таныстырып: – Өмірзақ Қажымғалиұлы Қазақстанның батыс өңірі – Атырау, Орал, Маңғыстау облыстары бойынша трилогия жазып отырған жалғыз жазушы. «Қазақ прозасының үздігі» атағын бірінші болып алды. Ондаған әңгімелер, роман, трилогия жазған еңбекқор қаламгер. Осыдан 6-7 жыл бұрын ауданда өткен тарихымызды, табиғатымызды, археологиялық ескерткіштерімізді  түгел қамтыған кітап болған жоқ. Бұған дейін шыққандарға енбей қалғандары көп. Туған жеріне жанашырлық танытып өткенімізді түгелдеген Өмірзақ ағамыз «Өренді өлкетанушы» клубын құрудың, үш томдық «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық кітабының бастауында тұрды. Атырау қаласындағы Ғ.Сланов атындағы әмбебап кітапханада, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде, Ұлттық академиялық кітапханада, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кітапханасында осы кітаптың тұсауы кесілді. Мұндай жағдай тарихта бірінші рет болып, аудандық кітаптың тұсаукесері осындай жоғары дәрежеде өтіп тұрғанын Елорданың зиялы қауым өкілдері мен сенаторлар өз сөздерінде айтты. Енді, төртінші кітап баспаға жол тартып кетті. Ағамыздың 85 жасқа толуына орай облыстық «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттеріне мақалалар шықты. Біраз жерлерге кездесуге шақырғанымен алдымен өзімнің алғашқы еңбек жолымды бастаған жерге барамын деп орталарыңызға келіп отыр, – деп арнау өлеңін оқыды.
Ақ тілектер легін «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы, профессор, академик, Атырау облысының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сабыржан Сұлтанов жалғап Өмірзақ Қажымғалиұлын өзіне ұстаз санайтынын, қарауында жұмыс жасағанын бақыт санайтынын жеткізіп:  – Ағамызды кішкентай кезімнен бері жақсы білемін. Бұл кісі Құрманғазы кеңшарының №1 фермасын басқарды. Сол кезде менің атам Социалистік еңбек ері Сұлтан Мұхамбетқалиев, әкем Қыдырсиық Сұлтановпен қоян-қолтық жұмыс жасады. Тоқсаныншы жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын Өмірзақ ағамыз басқарғанда бас зоотехник болдым, үйренгенім көп. Соның арқасы болар менің ғылым кандидаты, профессор, академик атағын алып жатқаным. Шаруашылықты бағаттауы, көрегендігі, талап қоюы, оны орындатуы ағамыздың үлкен қасиеті болып есептелді. Сол бізгеде жұқты. Біз сізбен мақтанамыз, – деп мықты денсаулық тілеп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.  
Еңбек ардагері Уәлихан Сейілханұлы, батыр ана Дариға Зайтова, Ғибатолла Қапаров бірге жұмыстас болған кездерді еске алды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов Үштаған ауылының ардагерлері Дариға Зайтова, Рысты Биманова, Амангелді Долдашев, Серік Сариевті «Хиуаз Доспанова» медалімен ұлығылады. Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары Толыбай Қажыгереев, Ерасыл Самиғоллаев, Алтынбек Халықов, Заманбек Мейірханов, Гүлзада Тілегенқызы әсем әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиұлы: – 1954 жылдары тың көтеру деген сылтаумен жер-жерден төгіліп Қазақ еліне басқа ұлттың өкілдері толды. Жергілікті халық 30 пайызға дейін құлдырады. Ол бір салт-дәстүрімізден, тілімізден, ұлттығымыздан ажырап қала жаздаған,сандалып жүрген заман еді. Сондай уақытта осы жерге, үлкенді сыйлаған, кішіні қамқорлаған елге  қадам басқаныма Аллаға ризамын. Бұл жерден мен маңдай терін төгіп мал баққан, істің тетігін білетін еңбекқор адамдарды көрдім. 1863 жылы Бектелеу деген жерде Жаннат Мұсылман атты указ молда болған. Айта кетейін ол уақытта указ молданы Ордадағы ахонның ұсынысымен хан тағайындайды. Сол Жаннат Мұсылманның Хұсайын деген баласының қызы Қапия апай мен Сафуан, ұлдары Фазылды көре қалдым. Ерінбей еңбек ететін Қапия апайдың, сөзді тыңдай білетін кісілердің, біреуге қиянат емес, жақсылық жасаудың өнегесін алдым. Мұқтаждық көргендерге көмектесуді үйрендім. Осында жұмыс жасағанда академия бітіргендей білім алдым десем өтірік емес. Алған білімнің  негізіндегі тәжірибемді басқа жерге ауысқанда пайдаландым. Ол кездегі үлкендердің, асылдардың, ұлылардың ұрпақтары елдің ұлағаттығын сақтап отырған үштағандықтар, сіздерге мен ризашылығымды білдіремін,  – деп өзімен жұмыстас болғандарды аттарын атап сағынышпен еске алып, шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Үштаған ауылынан шыққаннан кейін Сибағат Мүкәрімұлы атаның басына барып тәу етіп, Құран бағыштады.
 
Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT