Ақкөл ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлімбай Әбдрахманның «Болат жол торабындағы Ақкөл» энциклопедиялық-танымдық кітабының тұсаукесері өтті. Алматы қаласының «Қазақ кітабы» баспасынан 250 данамен жарық көрген жаңа туынды ауылдың шежіресін түгендеп, өткені мен бүгінін сабақтастырып оқырманға мол ақпарат береді.
Тұсаукесерді аталған мәдениет үйінің әдіскері Жаннат Сидеғалиева жүргізді. Шара Айнагүл Қайырованың орындауындағы Әлімбай Әбдрахманның сөзіне жазылған Айдар Досымовтың «Ақкөлім алтын мекенім» әнімен басталды. Аталған мәдениет үйінің әдіскері Құралай Бегимова танымдық кітапқа шолу жасап, мазмұнын таныстырып, әрбір бетінде ауылдың қалыптасу кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық тынысы, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың өмір жолдары, майдангерлердің, елге еңбегі сіңген қадірлі тұлғалардың, қасиет қонған адамдардың тағылымды істері, тамылжыған табиғаты мен тарихи орындарын бейнелейтін фотосуреттер молынан көрініс тапқанын жеткізді.
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, өлкетанушы Нұрлығайын Нұғыманов, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері журналистика ардагері Асқар Ғұмаров, Махамбет сыйлығының иегері ақын Есмұхан Жанизин, Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерсайын Қасымов сөйлеп, кітапқа жақсы баға беріп, авторына шығармашылығың шарықтай берсін деген ізгі тілектерін жеткізіп, жаңа туындының тұсауын кесті. Осындай ақ тілек округтің бас маманы Гүлбану Баянова тарапынанда айтылды. Соңында кітап авторы Әлімбай Әбдрахман шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ

