«Шабыт самалы» – жүректен туған жыр кеші

(0 Votes)

 Ауданымызға қарасты Теңіз ауылында «Шабыт самалы» атты әсерлі шығармашылық кеш өтті. Ауылдық клуб пен аналар кеңесінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен бұл кештің басты кейіпкері – жергілікті ақын, өнер иесі Айша Ибрашқызы болды. Кештің басты мақсаты – ақын шығармашылығын насихаттап, көрерменге рухани әсер сыйлау.

         Кеш барысында жүргізуші Айша Ибрашқызының өнер жолы мен өмірлік тәжірибесіне тоқталып, оның жырларының мән-маңызын ерекше атап өтті. Ақынның айтуынша, ол өзін қоршаған ортаны, адамдарды ұстаз тұтып, әрқайсысынан өмірлік сабақ алған. Осы орайда кеш қонақтары – ардагерлер алқасының төрағасы Амангелді Абзалұлы, аналар кеңесінің мүшесі Саулеш Сатыбайқызы, және Ю.А. Гагарин атындағы мектеп директоры Гауһар Нұрлығайынқызы сөз алып, кейіпкердің еңбегіне жоғары баға беріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

         Сондай-ақ, жүргізушінің «қазақ тарихындағы өзіңіз үлгі тұтатын аналар кімдер?» деген сұрағына Айша Ибрашқызы тағылымды жауап берді. Ол Айша ана, Зере мен Ұлжан аналардың, сондай-ақ ақындар Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгереева сынды тұлғалардың өзіне ерекше рухани күш бергенін атап өтті. Осы сәтте ақынның «Әйел-Ана» атты өлеңі оқылып, көрерменге терең әсер қалдырды.

         Кеште ақынның «Құм далада», «Әкеге», «Анаға», «Құрманғазы», «Көктем», «Бала кезім» секілді туындылары жас өнерпаздардың орындауында оқылды. Сонымен қатар, кеш иесінің шығармашылығы туралы Приморье ауылдық клубының басшысы Гүлнар Хамитқызы да жылы лебізін білдіріп, оның өнердегі жолына тоқталды.

         Шараның қорытынды бөлімінде жүргізуші ақынға «арманыңыз қандай, өзіңізді бақытты санайсыз ба?» деген сұрақ қойды. Айша Ибрашқызы бұл сауалға жырмен жауап беріп, «Бақыт туралы» өлеңін оқыды. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – ақынның отбасы, ұрпақтары сахнаға шығып, «Бақытты әйел» әнінің орындалуы болды. Әнді Мейрамгүл Құспанова орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

         Кеш соңында жүргізуші барша қонақтарға алғыс білдіріп, шараны қорытындылады. «Шабыт самалы» – тек бір кеш емес, өнер мен руханияттың тоғысқан, көрермен жүрегіне жол тапқан тағылымды кездесу болды.

 

Ақбота Абатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT