Ұлттық домбыра күніне орай аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Сәбиге сый – домбыра» атты тағылымды шара перзентханада өтті. Ұлттық құндылықты дәріптеуді мақсат еткен іс-шарада өмірге жаңа келген сәбилердің аналарына домбыра тарту етіліп, ақжарма тілектер айтылды.
Мерекелік кездесуді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова ашып, жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Ол домбыраның халқымыздың рухани болмысы мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін айтып, дүниеге келген әрбір сәбидің ұлттық құндылықпен бірге өсіп, елін сүйетін азамат болып қалыптасуына ізгі тілегін білдірді.
Шара барысында Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, «Жансая» көшбасшысы аналар клубының жетекшісі Зәмзагүл Карсакова сөз сөйлеп, перзентханадағы аналарды мерекемен және нәрестелерінің дүниеге келуімен құттықтады. Ол ұлттық салт-дәстүрді ұлықтайтын мұндай игі бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Іс-шара аясында перзентханада абыройлы еңбек етіп келе жатқан акушер-гинеколог Жанәбіл Сұлтанғалиұлына аудандық Аналар кеңесінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ перзентханада жатқан бес анаға Алғыс хаттар мен ұлттық аспабымыз – домбыра сыйға тартылды.
Кездесу барысында Аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Нұрғиса Қайратұлы мен акушер-гинеколог Асқар Бекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас аналарға ізгі тілектерін арнады. Олар отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің маңызын ерекше атап өтті.
Мерекелік шараның көркемдік бөлігінде «Дәулеткерей» атындағы балалар музыкалық мектебінен келген Нұрмейрам Ихласова күй орындап, домбыраның күмбірлеген үні арқылы жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ұлттық мұраны ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруге бағытталған «Сәбиге сый – домбыра» акциясы көпшілік көңілінен шығып, мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
Ақбота ЖАЛҒАУОВА


