Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде «Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының Атырау облысы мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Құрманғазы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Бүкілодақтық байқаудың жүлдегері Киров атындағы совхоздың халық театры режиссері Жұбаниязов Саясаттың туғанына 95 жыл толуына орай архив қорындағы жеке тектік құжаттарынан «Сахна саңлағы» атты көрме-кездесу өтті. Зәмзәм Исмагулов халық театры Саясат Жұбаниязовтың өмір жолынан көрініс сахналап, көрермен қошеметіне бөленді.
Құттықтау тілектерін білдіру үшін сөз кезегі Жаңаталап ауылдық округ әкімінің кеңесшісі Талант Ажгулов, ардагер журналист, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мадат Сәрсекеев және Жаңаталап ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиевке беріліп, олар киелі өнер жолына ғұмырын арнаған сахна саңлағының тұлғалық келбетін, рөлдерді ойнау шеберлігін, мәдениет саласына қосқан өлшеусіз еңбегін тілге тиек етті. Саясат ағамызбен бірге қызмет еткен, мәдениет саласының ардагерлері Сария Иғлашева және Сауле Марданова апайлар сөз алып, өткен шаққа оралып, сағынышты сәттерін еске алды.
Химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Хиуаз ауылының төл перзенті Ербол Махмутов өз жүрекжарды лебізін аудиохат арқылы жолдады. Шара барысында Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары музыкалық сәлемдемелерін жолдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Саясат Жұбаниязұлының ұрпақтары атынан білім беру саласының үздігі Өміржан Жұбаниязов сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, архив мекемесіне және мәдениет үйіне сый-сияпатын ұсынды.
Шараны қорытындылаған Құрманғазы аудандық архив филиал басшысының міндетін уақытша атқарушы Назерке Сабирова белсенділік танытқан және өз естеліктерімен бөліскен жандарға архив ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, кештің өтуіне атсалысқан Жаңаталап ауылдық мәдениет үйі ұжымына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.


