Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, драматург, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері, Атырау қаласының және Құрманғазы ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз Рақымжан Отарбаевтың туғанына 70 жыл толып отыр.
Қазақ прозасы мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгердің шығармалары адам жанының терең иірімдерін, қоғамдағы күрделі құбылыстарды, өмірдің ащы шындығын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Оның туындылары – уақыттың тынысын, адам тағдырын, қоғамдағы моральдық құндылықтарды терең толғайтын рухани мұра.
Осы мерейлі дата аясында Құрманғазы ауданының театрсүйер көрерменіне ерекше мәдени тарту ұсынылды. “Халықтық” атағы бар Дүйсенғали Ғұмаров, Зәмзәм Исмагулов, Орлы және Алға халық театрларының әртістері күш біріктіріп, жазушының өткір әлеуметтік тақырыпқа арналған шығармаларының бірі – “Нашақор жайлы новелла” атты 2 бөлімді, 4 көріністі драмасын сахналады. Қойылымның қоюшы режиссері – Самат Саламатов (З.Исмагулов халық театрының режиссері).
Спектакль – адам тағдыры, адасу мен өкініш, жалған бақыт пен шынайы өмірдің арасындағы күрес, қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесі жайлы ой қозғайтын әсерлі туынды. Қойылым арқылы көрерменге өмірдің мәні, жауапкершілік пен таңдау, адамгершілік құндылықтар жайлы терең ой салу мақсат етілген.

Айта кету керек, спектакльдің дебюті 21 ақпан күні Атырау қаласында өткен облыстық “Шынайы шымылдық” фестивалінде көпшілік назарына ұсынылды. Одан кейін қойылым Хиуаз, Орлы және Алға ауылдарының көрермендеріне жол тартып, жергілікті халықтың зор ықыласына бөленді.
Бұл қойылым – туған топырағынан түлеп ұшқан талантты қаламгердің шығармашылығына деген құрмет пен рухани тағзымның көрінісі. Сонымен қатар, ауылдық халық театрларының бірлескен шығармашылық еңбегі арқылы көрерменге тағылымды ой тастап, ұлттық драматургияның өміршеңдігін тағы бір дәлелдеген мәдени оқиға болды.

