Аудан әкімдігінде өткен актив жиналысында аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы таныстырылды. Актив жиналысын аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Мұратов ашып, сөз кезегін Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Бекеев Оңалға жолдады.
Департамент басшысы, полиция генерал-майоры Оңал Ботайұлы Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы, полиция полковнигі Аманкелді Измағанбетовты таныстырып, бұған дейін бірнеше басшылық лауазымдарда болғанын, Атырау облысы полиция департаментінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, қалалық полиция бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарғанын айта келіп: – Қазіргі күні аудандық полиция бөлімі ғимаратының қандай жағдайда екенін білеміз. Биыл құрылысын бастап кетеміз деген ой бар. Мемлекеттік рәміздер тұратын қандай ғимаратта әдемі болуы керек. Басқа ғимараттар соған сай болуы тиіс. Жалпы аудан бойынша қылмыстық ахуал жаман емес. Бұл өңір талай атақтылар шыққан жер. Қазақта: «Арқаға барып әншімін деме, Құрманғазыға барып күйшімін деме», деген сөз бар. Полиция қызметкерлері қылмыспен күрестің алғы шебінде жүреді. Соңғы жылдары облысымыз бойынша 21 қызметкер жұмысын атқару барысында қаза тапқан, 67-сі жарақат алған. Олардың бәрі де біреудің баласы, әкесі, ағасы, туысы. Біздің қызметкерлер күн-түн демей өз қызметтерін адал атқаруда, – деп қатысушылардан пкірілері болса ортаға салып отыруларын сұрады.
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсалиев: – Құрманғазы ауданы еліміздің батыс қақпасы. Бұл жерден әлемнің әр түкпіріне жолаушылар өтеді. Сондықтан қоғамдық тәртіптің сақталғаны маңызды. Мен осында 1986 жылы қазан айында прокурор болып келдім. Прокуратура саласының Құрметті ардагерімін. Аудандық полиция бөліміне жаңа басшы әкеліп жатқаныңызға ризамыз. Бұл азаматты жақсы білеміз. Біз халқы жағынан қала мен Жылыой ауданынан кейін үшінші орындамыз. Бүгінде заманда, қоғамда, заңдарда өзгеріп жатыр. Заң мен тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құрудамыз, – деп полицияда іс-қағаздары қазақша жүргізілсе, отбасылық жанжалдарда арызданған әйелді жақтамай күйеуінде тыңдаса, полиция арақ ішпейтін ауылдар санын көбейтуге сеп болса деген ұсыныстарын ортаға салды. Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев өз жауабында бүгінде облысымызда арақ ішпейтін 56 елді мекен барын жеткізді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Хайдарұлы жиынды қорытындылап, атыраулық қонақтарға аудан активі атынан ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ
Полиция бөлімінде жаңа басшы
- Информация о материале
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- : 71


