Қазақ қолөнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген шеберлер ауданымызда да бар. Олар түрлі мамандық иелері болғанымен осы бір игі істен шет қалмай ұлттық дәстүрімізді жас ұрпаққа насихаттап, халық арасында қолөнерге деген қызығушылықты тудыруда.
Осы шеберлердің қатарында ардагер ұстаз Ғалия Рысқалиева да бар. Мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүргенде бұл өнерге бет бұрған еді зейнетке шыққаннан кейін оны серік етіп дұрыстап ден қойды. «Ғалия» жеке кәсіпкерлігін ашып, қазақтың қолөнерін кейінгі ұрпаққа танытып жүрген белсенді кәсіпкер.


Ғалия Сайыпқызы бүгінде зейнет демалысында болса да, қолынан инесі мен ұршығы түспеген нағыз шебер. Ол тоқыған алашалар, түрлі материалдардан жасаған жануарлар мүсіндері мен сөмкелер, ұлттық нақыштағы басқа да қолөнер туындылары лайықты бағасын алуда. Бұл жай ғана кәсіп емес, ұлттық кодты сақтау. Қой мен түйе жүнінен жасалған әрбір бұйымда даланың иісі, ананың жылуы және шебердің төзімі бар. Қолдан басылған киіз бен тігілген көрпелер – денсаулыққа пайдалы, жанға жайлы нағыз отандық өнім. Кейіпкеріміздің қолынан шыққан бұйымдар республика көлемінде түрлі көрмелерде көрсетіліп, облыс, республика көлемінде сұранысқа ие. Сонымен қатар, кейінгі ұрпаққа ұлттық қолөнерді насихаттау бағытында шеберлік сағаттарын өткізуді де жоспарлауда.

2024 жылы Атырау облысы бойынша «Бір ауыл-бір өнім» жобасы аясында жеңімпаз атанып, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы ұйымдастырылған қайтарымсыз грант конкурсына «Құрманғазы ауданында қазақ қолөнерін танымал ету және өндіру цехын ұйымдастыру» жобасы бойынша қатысты. Конкурс нәтижесімен грант иегері атанып, бүгінде өзінің шағын цехын ашып, кәсібін жүргізіп отыр. Он саусағынан өнер тамған шебер Наурыз мейрамы қарсаңында ауданымызда 13–23 наурыз аралығында өтетін «Наурыз-Fest» республикалық акциясы аясында дайындаған бұйымдарын халыққа қол жетімді бағамен ұсынуда.

Айнагүл Шакупова

