Оқытудың үздік орталығы

(0 Votes)

Ауданымыздағы «Парасат»  оқу орталығы  2021  жылы  алғаш  рет 1 кабинетпен  және  20 оқушымен өз жұмысын бастаған еді. Бес жылда орталықтың қанаты қатайып, бұғанасы бекіді.

Заман ағымынан шығып қалмай, сапалы білім беретін оқу орны болып қалыптасты. 2022  жылы орталық  кеңейіп, 2 кабинетке  көшті. Осы жылы алғашқы ұстазды  жұмысқа қабылдап, кәсіби ұжымның негізі қаланды. 2023–2024  жылдары оқу бағдарламаларының саны артып, 3-ші кабинет ашылды. Ұжымға тағы бірнеше ұстаз қосылып, білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Қызметі халық көңілінен шықты. 2024–2025 оқу жылында  Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Үздік оқу орталығы» атанды. Директоры Гүлмират Жүнісова жұмысты жолға қойып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылуда.

Сонымен қатар, орталыққа  Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің көп көмегі тиді. Бөлім аталған орталықты 2024 жылы әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізіп, әлеуметтік жобаларға қатысуына  бағыт-бағдар беріп, нәтижесінде  2025 жылы  5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, бұл қызметіне серпін бере түскен үлкен қолдау болды. Бүгінде гранттың арқасында орталық  қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Жұмысы одан әрі дамып, қосымша қызметкерлерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда ұжымда III топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат та еңбек етіп, өз үлесін қосып келеді. Бүгінде бұл орталықта  5 оқу кабинеті, 8 қызметкер бар, 170 оқушы білім алуда. Тарқатып айтар болсақ, 1-ші сыныпта – 70, арифметика тобында – 40, МАД-та – 20 және 3-4-ші сыныптарда – 40 оқушы  бар. Білім саласында  30 жылдық еңбек өтілі бар педагогика ғылымдарының магистрі, сарапшы, зерттеуші ұстаздармен қамтылған. Орталықтың  оқушылары менталды арифметика бойынша  халықаралық және республикалық олимпиадалар мен жарыстарда ауданымыздың намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістіктерге жету үстінде. Бұл – 5 жылдық еңбектің  оң нәтижесі, даму жолы. 

«Парасат» оқу орталығы «Жұлдыз» бизнес орталығында ашылды. Ашылу салтанатына мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Нұрлыбек Төлепов , ата-аналар, оқушылар қатысты. Дәстүрлі лентасы қиылып, шашуын шашқан тілеулес жандар орталықтың игі бастамасына сәттілік тіледі.
– Басты мақсатымыз – әр баланың сапалы білім алып, өз қабілетін толық ашуына жағдай жасау. Осы уақытқа дейін көптеген игі істерге ұйытқы болып, қайырымдылық шараларына демеушілік көрсетіп жүрміз. Аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі жандар тәрбиеленіп отырған отбасыларға азық-түлікпен қолдау көрсеттік. Сонымен қатар, оқу орталығымызда көпбалалы, жартылай жетім және әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға тұрақты түрде жеңілдіктер қарастырылған. Бір отбасының екі немесе одан да көп баласы білім алатын болса, оқу ақысына 50%  жеңілдік бар. Кейбір жағдайларда балаларға тегін білім алу мүмкіндігі де ұсынылады, – дейді бізбен әңгімесінде «Парасат» оқу орталығының  директоры Гүлмират Жунусова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT