Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы - халқымыздың біртұтас ұлт ретінде ұйысуына негіз болып отырған, отбасы құндылықтарын дәріптейтін айтулы бәйге. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында конкурстың арнайы комиссиясы өтініш білдіргендердің жұмысын қарады. Аудан бойынша ауылдық округтерден байқаудың аудандық кезеңіне 12 өтініш түскен. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен бас жүлде Сүйіндік ауылдық округінен Хайрат Тасболатовтың отбасына бұйырды.
Жүлделі І орын ақкөлдік Руслан Халменовтың, құрманғазылық Бахыт Закарьяевтің отбасына тиісті. ІІ орыннан Бірлік ауылдық округінен Мұрат Сатыбалдиевтің отбасы көрінді. ІІІ орынды нұржаулық Бекболат Хайруллин иеленді. Қалған қатысушылар арнайы номинациялармен ұлығыланды.
– Бұл ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Биыл облыс бойынша өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізілді. Үміткерлер арасынан облысқа бас жүлде мен І орын алғандар жолдама алып, олар отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі, балалардың жетістігі, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бойынша бағаланды, - деді комиссия төрайымы Замзагүл Карсакова.
Жалпы байқаудың негізгі мақсаттары – отбасы институтын, адамгершілікті нығайту, жауапты некенің маңыздылығын мойындау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау.
Ал байқау жеңімпаздарын анықтау барысында комиссия мүшесі Балғаным Хасенова дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөлін атап өтіп, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын және бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Айнагүл Шакупова


