Ауданымызға гастрольдік іссапармен келген Атырау Жастар театры құрманғазылық көрермен назарына жазушы, драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік драмасын ұсынды. Театрдың көркемдік жетекшісі – Мұқанғали Томанов. Режиссері – Данияр Базақұлов, суретшісі – Тимур Коесов, костюм суретшісі – Ботагөз Шағатаева. Театр ұжымы облысқа қарасты барлық аудандарды аралап, осы қойылымды сахналаған. Онда ата-ана, бала және мұғалім арасындағы қарым-қатынас терең әрі шынайы бейнеленген. Күнделікті мектеп өмірін арқау еткен спектакль бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жауапкершілік тақырыбын жан-жақты қозғайды. Өтпелі кезеңдегі жастар мен олардың ата-анасы жайындағы бұл әлеуметтік драмада екі араны жалғаған басты кейіпкер – мұғалім. Ол өзінің қым-қуыт жұмысы, бос уақыты болса айналысар сүйікті ісі барын жеткізеді. Қазіргі қазақ қоғамындағы ұстаз мәртебесі, жанкешті еңбегі терең әрі шынайы бейнеленген. Қойылым барысында ол өзін тек сабақ беруші емес, әр баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның болашағына алаңдайтын тұлға ретінде көрсетіледі. Шығарма – бір ғана мамандық иесінің тағдыры емес, тұтас қоғамның бет-бейнесін көрсететін мазмұнды қойылым. Сахнада мұғалімнің материалдық жағдайы мен рухани биіктігі арасындағы алшақтық, ұстаз еңбегінің қадірі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі әсерлі түрде ашылды. Жалпы алғанда бұл спектакль мектеп пен отбасындағы рухани байланыстың, ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді. Рөлдерді театрдың жас әртістері сомдады. Олардың сахнада ойнау шеберліктеріне көрермендер де тәнті болып, қайта-қайта қол соғып шынайы ықыластарын білдірді. Қойылымды жүзеге асыру ауқымды еңбекті талап ететіні анық. Режиссер мен актерлерден бөлек, суретшілер мен техникалық қызметкерлердің де үлесі зор.
Қойылымнан кейін аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов сахна төріне көтеріліп, шығармашылық ұжымға алғыс білдіріп, ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған, тәрбиелік мәні зор осындай қойылымдардың қоғам үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Әртістік құрамға аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады.
«Мұғалім» әлеуметтік драмасы сахналанды
- Информация о материале
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- : 66

