Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандарды аралап, жағдайымен танысты. Аралауды Бөкейхан ауылдық округінің бір шетінде орналасқан су тазарту қондырғысынан бастады. Мұнда «Құрманғазы су арнасы» ЖШС-нің басшысы Ерлан Аманжанұлы өздеріне қарасты нысанның шешімін күткен мәселелерінен хабардар етті.
Айтуынша су тазарту ғимаратына 300 текше метр су жинайтын ыдыс қою, айналасын қоршау, су мұнарасын жаңарту қажет. Қасына ілескен аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов қосымша ақпараттар берді. Аудан басшысы Бөкейхан ауылының жаз мезгілінде қанша су тұтынатынын сұрап, қаражат жұмсалғаннан кейін нысанның бос тұрмауы қажеттігін баса айтты.
Кудряшов ауылдық округінде аудан әкімі Нұрсұлтан Орақұлы орынбасарлары Марат Хасанов, Қайрат Бөлеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Данияр Ердешев, округ әкімі Айдын Қайбошев, аудандық дербек бөлім басшыларымен бірге Ғабит Мүсірепов атындағы орта мектепке барды. Аталған білім ұясына 17 жыл бойы жөндеу жұмыстары жасалмаған екен. Мектеп директоры Әділжан Өтепбергенов өткен аптада қысқы жылу жүйесінен ақау шыққанын жеткізді. Соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі жылынбайды. Ақауды табу үшін жылу жүйесінің бойын қопарып қазып қарау қажет. Жылу қазандығында болып, оператормен сөйлескен аудан басшысы қасындағы жауапты тұлғаларға ақауды жою үшін тез арада шешім қабылдауды, білім ұясының директорына мектептің сыртын қалыпқа келтіріп ұстауды тапсырды.
Арна ауылындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория 168 адамды қамтып отыр. Мұнда екі медбике жұмыс жасайды. Медицина мамандары жетіспейді. Одан әрі аудан басшысы Кудряшов ауылындағы өр суынан қорғау бөгетінің опырылып құлап, қауіп төндіріп тұрған тұсын көрді. Тұрғын үйлер бөгетке жақын орналасқандықтан техника қозғалысы қиын. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев жағдайды көзбен көріп танысқаннан соң бөгетті әрмен қарай түйгізіп салып, бұрылыста жатқаннан кейін іргесін өр суы шаймас үшін толқынды қайтаратын үрмелі құралдарды қою қажет деген ұсынысын айтты. Қасындағы лауазым иелеріне қаражат бөлу үшін бұл мәселені жан-жақты зерттеп қарауды айтып, тапсырмалар берді.
Қанат ҒҰМАРОВ


