Құрманғазының қарапайым қара баласы — ел мақтанышы Құрманғазы ауданының атын республикаға ғана емес, халықаралық аренаға танытып жүрген жерлесіміз Ерсейт Бралин — талай биікті бағындырған спортшы. Ол пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанып, көк туымызды көкке көтеріп, туған жерінің абыройын асқақтатып жүр.
Әлемдік додаларда ел намысын қорғау — кез келген спортшыға бұйыра бермейтін үлкен мәртебе. Ал сол биікті бағындырған азаматтың Құрманғазы топырағынан шыққаны — аудан тұрғындары үшін зор мақтаныш.
Ерсейттің әрбір жеңісі — өзінің ғана емес, оны қолдаған елінің, туған жерінің жеңісі. Оның табандылығы мен жігері кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай. «Еңбек етсең, еленесің» деген осы болса керек.
Осындай елге еңбегі сіңген азаматқа туған жері тарапынан ерекше құрмет көрсетілсе деген ұсынысымыз бар. Құрманғазы ауданының әкімі Ерсейт Бралинге тұрғын үй немесе автокөлік сыйлап, еңбегін ел алдында лайықты бағаласа, бұл үлкен азаматқа көрсетілген құрмет қана емес, аудан спортының дамуына да берілген үлкен серпін болар еді.
Бүгін бір спортшыға көрсетілген қолдау — ертең талай жасқа үміт сыйлайды. Жасөспірімдер спортпен шұғылданып, «Мен де Ерсейт ағамыздай әлем чемпионы боламын» деп арман қуады. Ал туған жердің өз азаматын қолдап, еңбегін бағалауы — сол арманның қанатына қанат қосады.
Құрманғазы — талай дарынды азаматтарды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Ендеше, туған жердің атын әлемге танытып жүрген Ерсейт Бралиннің еңбегін ескеріп, оған лайықты құрмет көрсету — баршамызға ортақ абырой.
Ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбіреткен азаматтың еңбегі еленсе екен!
Әлем чемпионын туған жері төрге шығарып, ел болып құрметтейік!
Қайбалдиева Жазира Ғайсақызы


