Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Самаркин ауылының тұрғыны Шамарданов Ерлан Екпінұлы ел мерейін асқақтатқан айтулы жеңіспен туған жеріне оралды.
2026 жылғы 1–11 қыркүйек аралығында Косово Республикасының астанасы Приштина қаласында өткен U24 санатындағы муай-тайдан (тай боксы) ересектер арасындағы әлем чемпионатында 45 келі салмақта бақ сынаған жерлесіміз Шамарданов Ерлан Екпінұлы қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Бұл – жас спортшының жеке жетістігі ғана емес, туған жері Самаркин ауылының, Құрманғазы ауданының және барша Қазақстанның мерейін үстем еткен зор жеңіс.
16 қыркүйек күні Самаркин ауылының жастары әлем чемпионы атанған Ерлан Шамардановты ерекше құрметпен қарсы алды. Ел дәстүрін дәріптеген ауыл тұрғындары чемпионға ат мінгізіп, сондай-ақ 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстады.

Жеңімпазды қарсы алу шарасы әрі қарай «Маскар» кафесінде жалғасын тапты. Ақ дастархан жайылып, ауыл ақсақалдары жас чемпионға ақжарма тілектерін арнап, ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды әлемдік додада көкке көтерген спортшыға ақ баталарын берді.
Шара барысында бокстан ардагер спортшы Тілепов Сатыбалды да Ерланның жетістігіне жоғары бағасын беріп, Қазақстанның атын әлемге танытып, туған ауылының абыройын асқақтатқан жас спортшыға өз атынан бір бас сиыр сыйға тартты.
Ерланның әлем чемпионатындағы жеңісі – ауыл жастарына үлкен үлгі, өскелең ұрпаққа спортпен айналысуға серпін беретін жарқын жетістік. Туған елінің ыстық ықыласы мен қолдауын сезінген жас чемпионның алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтата береріне сенім мол.

Жеңісің құтты болсын, Ерлан! Туған жеріңнің мерейін үстем етіп, көк туымызды талай биікте желбірете бер!


