Көзбен көрген көп нәрсеге қанықтырады

(0 Votes)

Ауданымыздың жаңа әкімі Нұрсұлтан Бисембиев орынбасарларымен, аудан әкімі аппаратының және бір топ дербес бөлімдер басшыларымен Сафон, Бірлік, Теңіз ауылдық округтері мен Жамбыл ауылында болып әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығымен, шешімін күткен мәселелерімен танысуын жалғастырды.

Сафон ауылдық округіне сапары барысында мәдениет үйінде, спорт кешенінде, су тазарту қондырғысында болды. Ауылдағы жаңа спорт кешені керемет салынған, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Екі жыл кепілдігі бар. Бірақ, спорт залының төбесінен су ағады екен. Сыртындағы жасыл желекті суаратын су құбыры жасамайды. Аудан басшысы ашылғанға дейін екеуінде қалпына келтіруді тапсырды. Су тазарту қондырғысы 24 сағат жұмыс жасауда. «Құрманғазы су арнасы» ЖШС басшысы Ерлан Аманжанұлының айтуынша қыркүйектен бастап су тапшылығы жоқ. Жазда тұтыну көптігінен сумен қамту қиындап кететіндіктен су мұнарасын жауып, насоспен жіберіледі. Затон елді мекенін ауыз сумен қамту қиындап отырғанын естіген аудан басшысы Нұрсұлтан Орақұлы жауапты лауазым иелеріне жоба жасағанда шешімін күткен мәселелерді ескеруді міндеттеді.

Бірлік ауылдық округіне қарасты А.Иманов, С.Имашев орта мектептері, су тазарту қондырғысы, жаңадан салынып жатқан мәдениет үйі, «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауыты аудан басшысы сапарынан тыс қалмады. Мұндағы су тазарту қондырғысына су жинайтын жаңа мұнара керек. 300 орындық мәдениет үйі мердігердің мәлімдеуінше биылғы жылы бітеді. Құрылысқа қажетті барлық материалдар әкелініп қойылған. Ішкі жылу жүйесі де тартылған. Құрылыс аяқталғаннан кейін мұқият қарап шығып, содан кейін қабылданатыны мердігерге ескертілді. Имашев орта мектебіне күрделі жөндеу қажет. Нұрсұлтан Орақұлы биыл қажетті құжаттар жасалып, қаражат бөлініп үлгермейтіндіктен, оған біраз уақыт кететіндіктен келесі жылы бәрін дайындап, құрылысты 2028 жылғы жоспарға енгізуді жүктеді.

Балық өңдеу зауытында «Каспий-Балық» ӨК төрағасы Жұмажан Шакупов теңіз тамағын қаздырмаса балықшыларға қиындық туындап отырғанын, Новинск, Жаркоса каналдарын, 20 шақырым жерді тереңдету қажеттігін алға тартты. Мұны орындау мүмкін болмаса аудандағы «Табиғат» ЖШС арқылы ең қиын 1 шақырымын қаздырып беруін сұрады. Аудан басшысы онымен айналысуға уәде етіп, зауытты аралап, жұмыс барысын көріп, инвестор тарту жайын тыңдап, терең өңдеуге мән беру керектігін айтты.

Аралау барысында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев Нұржау су тазарту қондырғысында, Теңіз ауылындағы «Айсамал» балабақшасының құрылысында болып, шешімін күткен мәселелерімен танысып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT