Көше атауы берілді

(0 Votes)


Құрманғазы ауылы, Шипажай мөлтекауданының көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманбай Джылтыхаевтың есімі берілді. Көше атауын рәсімдеу салтанатына округ әкімі Абдуррахман Муса, әкімдік мамандары, майдангердің ұрпақтары мен туыстары қатысты. Шараны жүргізген аудан өнерпазы Болат Бидоллаев Отан үшін от кешіп, бейбіт күнде де ел дамуына адал қызмет еткен ардагердің өмір жолына тоқталды. Құрманбай Джылтыхаев 1917 жылдың 1 қазанында Құрманғазы ауданына қарасты Ганюшкино ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен ол 1936 жылы, небәрі 21 жасында, Фин соғысына аттанады. Бұл – оның азаматтық борышқа адалдығын, ерлікке дайын екенін көрсеткен алғашқы сын сәті еді.1941 жылы елге оралып, бейбіт еңбекке араласқан Құрманбай ата аудандық статистика бөлімінде бас маман болып қызмет атқарады. Алайда көп ұзамай басталған Ұлы Отан соғысы оны қайтадан майдан даласына жетелейді.Майдан шебінде ол атқыштар дивизиясының құрамында болып, фашистік Германияға қарсы кескілескен шайқастарға қатысады. Ерлік пен батылдық танытып, Берлинге дейінгі ауыр жолда жеңіс үшін аянбай күрескен жауынгерлер қатарында болады.Соғыс аяқталар тұста, 1944 жылы жараланып, госпитальда емделеді. 1945 жылы елге оралып, Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.
Құрманбай ата – тек майдангер ғана емес, бейбіт өмірде де ел дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек адамы. Оның өмір жолы – батылдықтың, төзімділіктің және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Алғашқы сөз алған Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса: - Бұл шара еліміздің ең қасиетті де, қастерлі мерекелері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр. Ауылымыздың жаңа мөлтекауданының екінші көшесін Құрманбай атамыздың атымен атағалы тұрмыз. Бiз азаматтық арды ту етіп, Отан үшін от кешкен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз, - деді. Келесі сөз кезегі Құрманбай Джылтыхаев ағамыздың ұрпақтары атынан ұлы Таңатар Құрманбайұлына берілді. 
 Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманбай  Джылтыхаевтың  есіміне берілгелі тұрған көше атауын салтанатты түрде ашу үшін лента қию рәсімі Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Муса Абдуррахман Рахметұлына және ұрпақтары атынан Дәулетхан Шамарданұлына ұсынылды.
Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT