Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің және бірнеше медальдардың, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Атырау облысы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Өмірзақ Қажымғалиевтің мерейлі 85 жасқа толуына арналған «Құрметке толы - кемел жас» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Алдымен абзал ақсақалға құрмет тұтушылар атынан үш бірдей ат мінгізілді. Олардың қатарында «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Сұлтанов, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілқайыров және бір топ інілері бар.
Мәдениет үйі фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен «Жазушы Өмірзақ Қажымғалиев мұрасы» тақырыбындағы кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Салтанатты шараның ресми бөлігін аталған мәдениет үйінде аудан өнерпаздары Алтынбек Биғалиев, Диана Ілиясова жүргізді. Академик-жазушы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиұлы зор қошеметпен ортаға шақырылып, мерейгердің жүріп өткен өнегелі еңбек жолын баяндайтын бейнетүсірілім көрермен назарына ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құттықтап, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапаттады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, «Барыс» орденінің иегері Мұрат Өтешов ізгі тілегін жалғастырып, шапан жауып, сый-сияпатын жасады. Келесі кезекте аудан әкімі Абат Жанғалиев барша қонақтарға қош келдіңін айтып, ақжарма тілегін арнап, ұлығалау рәсімін жасады. Осы шараға Алматыдан ат арылтып жеткен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қаламгердің шығармасына зор баға беріп, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» төсбелгісін иығына ілді, мемлекет және қоғам қайраткері, елімізге танымал кәсіпкер, меценат Төкен Танаұлы Өмірзақ Қажымғалиұлының көпішілікке үлгі-өнеге болар өмір жолына тоқталып, кемел жастағы замандасына жүрекжарды лебізін білдіріп, зерлі шапан кигізді.
Сонымен қатар ел ағасының мерейтойына арнайы шақырылған эстрада жұлдыздары Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер жиналған қалың көпшілікті өнерлерімен тәнті етті. Атырау облыстық маслихатының депутаты Қадыржан Арыстан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлы мәселелер жөніндегі комитетінің, «Ауыл» партиясытөрағасының Алғыс хатын және партияның құрылғанына 25 жыл толуына орай мерейтойлық төсбелгіні, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы нкеш иесіне табыстап, мәртебесін асқақтатты. Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева тілектер легін жалғастырып, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен өзінің Құттықтау хатын ұсынды. Өмірзақ Қажымғалиұлының бір топ інілері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, ардагер ұстаз, жазушы Нұрлығайын Нұғманов, журналист Жұмақай Ғұмаров, ақын Таңатар Дәрелұлына сөз кезегі тиіп, олар өз тарапынан осындай шара өткізіп жатқан аудан әкімдігі бастаған ұйымдастырушыларға, арнайы келген қонақтарға алғыстарын жеткізді. Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы Гүлзада Ниетқалиева «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Нұрболат Елеусіновтің Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев, «Құрманғазы», «Мақаш» ӨК төрағалары Сабыржан Сұлтанов, Жеңіс Әбілқайыров, шаруа қожалық иесі Тілекқабыл Қарамалаев, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бралиев сөз сөйлеп, сый-құрметтерін көрсетті.
Соңында кеш кейіпкері, мерейгер Өмірзақ Қажымғалиұлы сөйлеп көрсетіліп жатқан құрметке шынайы ризашылығын білдірді. Шара аудан өнерпазы Гүлзада Жұмалиеваның орындауындағы «Асыл аға» әнімен тәмамдалып, ардақты ел ағасының өміріне арналған Зәмзам Исмагулов атындағы халықтық театр әртістерінің сомдауымен «Мәңгілігім менің» моноқойылымына кезек берілді.
Айнагүл Шакупова

