Құрманғазылық ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді

(0 Votes)

Атырау қаласында халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда үздік шыққан оқушыларды ұлықтауға арналған «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» атты салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тілек сөзін арнап, озат оқуымен, шығармашылық ізденістерімен көзге түскен дарынды оқушыларды сахна төрінде Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ ұстазға мемлекеттік наградалар табыстады.

Олардың қатарында ауданымыздағы Б.Бәгәлиев атындағы жалпы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Сәния Қуанышалиеваның есімі құрметпен аталып, өңіріне «Ерен еңбегі үшін» медалі тағылды. Саналы ғұмырының 37 жылын білім беру саласына арнаған Сәния Есенқызы Гурьев педагогикалық институтын 1989 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Азғыр өңіріндегі Лабай орталау мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Жас маманның мұғалімдік жолда қалыптасуында сол уақыттағы мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Мұстахап Сыдихов ағайының орны ерекше болды. Тәжірибелі ұстаз оған мамандығының мәнін, шәкірт жанын түсіну, кешегі ойын баласына сабақ үйрету сияқты жұмысына қажеттілермен қатар білім берудің өзге де қыр-сырына қанықтыра білді. Алыс ауылда өткізген бір жылы Сәнияға үлкен өмір мектебі, білім беру шыңына мықты баспалдақ болғандай. 1990-1991 оқу жылынан бастап сол кезеңдегі Б.Бегәлиев атындағы орталау мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысын ауыстырды. Негізгі мамандығы математика пәнінің мұғалімі бола тұрса да бастауыш сыныпта бүлдіршіндерді білім нәріне сусындату сүйікті айналып сала берді. Осында өткізген 18 жылы алғаш қолдарына қалам ұстатып, әріп танытқан шәкірттері үшін де, өзі үшін де жақсы ізін қалдырды. «Білімнің негізі – бастауыш сыныпта» деген ешқашан өзгермейтін қағидалы сөз бар. Өйткені осында оқушы санасына білімінің алғашқы іргетасы қаланады. Ол қаншалықты берік қаланса, баланың болашағы да соншалықты жарқын болмақ. Сондықтан да бала бойына білімнің қайнар бұлағын сіңіре отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу әрбір мұғалімнің абыройлы борышы болары сөзсіз. Кейіпкеріміз де осыны жете түсініп, өзінің еңбек жолында басты ұстаным ретінде кәдесіне жарата білді. Оның бойындағы еңбекқорлық, жауапкершілік, ізденгіштік, мамандығына деген адалдық ата-ана қанынан дарыған ізгі қасиет.

2011-2012 оқу жылынан бастап өзінің негізгі мамандығына ауысып, математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап келеді. Жас буын шәкірттерді қиын да болса қызық есеп әлеміне ынтықтырып, олардың ойлау және қабылдау қабылетін, шығармашылық ізденісін дамыту бағытында көбірек жұмыстанды. Нәтижесінде біраз жылдардан бері дайындаған шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиада жүлдегерлері атанып, мектеп пен ұстаз мерейін асқақтаты келеді. Өткен шақтарды айтпағанда 2025-2026 оқу жылында математикалық олимпиаданың «Алтын түлек» республикалық кезеңінде бірінші орын жеңіп алып, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің толық грантын ұтып алған Есболатұлы Эльдар мен 11 сынып оқушылары арасында математика, физика, информатика пәндері бойынша өткен облыстық олимпиадада физика пәнінен екінші орын иеленіп Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алуға оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдікке ие болған Жылтыхаев Бек сияқты шәкірттерін айтуға болады. 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT