Орлы ауылына қарасты Өнерпаз ауылдық мәдениет үйінде жерлесіміз, ел анасы, Халық емшісі, «Батыр ана», Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дәметкен Серікбайқызын еске алуға арналған «Әже мен ана әні – қазақ әуендерінің сәні» аналар мен әжелер ансамбльдерінің аудандық фестивалі өтті.
Шараның шымылдығы Орлы халық театрының сахналық қойылымымен ашылды. Одан әрі ел анасының өмір жолынан бейнеролик көрсетіліп, көрермендер рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Фестивальдің алғашқы сөзі аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратовқа берілді. Ол халық емшісі Дәметкен ананың кезінде Орлы ауылы жанынан құрылған «Батыр аналар» әжелер ансамблінде өнер көрсеткенін, облыс, республика көлемінде еміне шипа іздеп келушілердің көп болғанын айтып, Дәметкен Серікбайқызының ізгі жолын жалғастырушы, кенже қызы Ардақтым Тілепбергенқызына марапат табыстады. Сонымен қатар 80-ші жылдардың I-ші жартысында ауданда алғаш «Батыр аналар» ансамблін құруға, ұйымдастыруға бастамашы болып, басшылық жасаған Калинин кеңшарының директоры болған, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиевті ұлығылады. Келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Маркс Балтабайұлы Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен және аудандық мәслихат төрағсының Алғыс хатымен Ардақтым Төлепбергенқызын марапаттады. Ақын,Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Таңатар Дәрелұлының «Халықтың мәңгілік ол Дәметкені» атты өлеңін мәдениет үйінің қызметкері Айнамгүл Зайдоллақызы оқыды. Сахна жүргізушілері А.Қартжанов, А.Зайдоллақызы фестивальге қатысушы әжелердің өнерін саралайтын сарапшылар алқасын таныстырды. Алдымен қазақы нақышта киінген Орлы ауылдық округінің «Өнерпаз» әжелер ансамблі халық әндерін орындады. Жетекшісі – Мәрия Көшенова. Музыкалық жетекшісі – Өмірбек Қонысов. Ерболат Мусағалиевтің жетекшілігімен Теңіз ауылдық округінен «Сәулем-ай», Асылай Дәрменбаеваның жетекшілігімен бөкейхандық "Асыл аналар", Людмила Жолмұханованың жетекшілігімен жаңаталаптық «Нұршуақ», Салтанат Қожантаеваның жетекшілігімен қиғаштық «Мейірім шуағы», мақаштық «Асыл әжелер» әжелер ансамбльдері зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар нұржаулық «Нұр шашу», мақаштық «Ақ маржан» аналар ансамбльдерінің жанды дауыста тамылжыта шырқаған халық әндеріне көпшілік қолдау білдірді. Сандуғаш Қыдыршаеваның жетекшілігімен Ринат Мақсотұлының сүйемелдеуімен Құрманғазы ауылдық округі жанындағы «Ақ жаулығым - қазынам», Рысты Нажимованың жетекшілігімен, Талапқали Зайнуллиннің сүйемелдеуімен «Ақ тілек» әжелер ансамбльдері өнерімен көпшілікті тәнті етіп, өнегесімен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді. Халық әндерін, құндылығын кейінгі буынға насихаттады.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова «Асыл ана» медалімен «Батыр аналар» ансамблін ұйымдастырушылар Рая Елеусізова, Збайда Қаженова, Тілекші Ахметқалиева аналарымызды марапаттады. Дәметкен Серікбайқызының ұрпағы Ардақтым Төлепбергенқызын да осы медальмен ұлығылады. Әділқазы құрамы аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анар Мусина, аудан өнерпаздары Гүлзада Кенжешова, Раушан Сәрсенова Дәметкен Серікбайқызын еске алуға арналған «Әже мен ана әні – қазақ әуендерінің сәні» атты аналар мен әжелер ансамбльдерінің аудандық фестиваліне белсене қатысып, өнегелі өнер көрсеткені үшін барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады. Шара Қадыржан Хасановтың орындауында Таңатар Дәреловтің сөзіне жазылған, Ибрагим Хабибуллиннің «Жан ана-жарығымыз» әнімен тәмамдалды.







